Ұстаздар да ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакцина салдыруда
Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханада ұстаздар қауымы қауіпті індетке қарсы екпе салдыра бастады. Аудандағы 1982 педагогтың бүгінге дейін өз еркімен өтініш білдірген 170 ұстазға «Спутник V» вакцинасы егілуде. Оның ішінде аудандық білім бөлім қызметкерлері, мектеп директорлары және педагогтары бар. Бұл бастапқы цифр. Аудандық аурухана қызметкерлерінің айтуынша, күн сайын екпе аламын деген педагогтар саны артып келе жатыр.
Ереже бойынша алдымен екпе алушылардың денсаулығы тексеріліп, вакцина қабылдауға ешқандай қарсы көрсетілімнің жоқтығына көз жеткізеді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қойып, одан әрі екпе алу бөлмесіне жіберілді. Онда дәрігер вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы түсіндіреді. Кейін екпе салынған соң, мұғалімдер жарты сағат бойы дәрігердің бақылауында болады.
Вакцина салдыруға өз еркімен қатысқан Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасының Т.Рысқұлов ауданы Білім бөлімінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Кадыржан Маратұлы екпе салдыру кезінде ешқандай да қорқыныш болмағанын айтып бөлісті:
— Мен өз еркіммен вакцинаны екі кезеңінде қабылдап шықтым, ешқандай қорқыныш болған жоқ. Осы жердегі медицина қызметкерлері вакцина салып болғаннан кейін қалай сақтану керек, ережесінің бәрін түсіндірді. Көңіл-күйім де, екпеден кейінгі жағдайым да жақсы. Ешқандай өзгеріс байқаған жоқпын. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі үшін әр мұғалім жауапты. Сондықтан вакцина алуды өзімнің азаматтық міндетім және борышым деп санаймын. Бізге ұжымдық иммунитетті қалыптастыру өте маңызды,-деді.
Қазір вакцина алған мұғалімдер екінші рет қайтадан 21 күннен кейін келіп тағы да вакцина алып кетеді. Елімізде бірінші ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцина басталғалы белгілі. Алдымен бірінші компоненті, кейіннен үш аптадан кейін екінші компоненті салынатын вакциналау алдымен медицина қызметкерлеріне жүргізілді. Алдағы уақытта да Т.Рысқұлов ауданында ковидке қарсы екпе салдыру кезең кезеңімен жалғасын табатын болады.