Сот орындаушылар 1 айда алимент өндіре алмаса, лицензиясынан айырылатын болады
Сот орындаушы бір ай ішінде алимент өндіре алмаса, лицензиясынан айырылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Әділет министрі Қанат Мусин айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Сот актілерін орындау – ең проблемалық жұмыс. Сот орындаушылардың әрекеттеріне шағымдардың саны азаймай тұр. Сондай-ақ, құқық бұзу саны да өсіп жатыр. Талап-арыздардың жартысы сот орындаушылардың әрекеттеріне қатысты», – деді министр.
Сонымен қатар, министрлік айыпталушының да, айыптаушының да құқықтарын қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
«Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға маңызды өзгерістер 2020 жылы енгізілді. Олар борышкер мен өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауға, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Енді бір ай ішінде алимент өндіру және басқа да әлеуметтік істер бойынша белсенді жұмыс болмаған жағдайда сот орындаушы лицензиясынан айырылады. 2021 жылы осындай негіз бойынша 19 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды», – деп түсіндірді ол.
Министрдің дерегінше, былтыр алимент төлемегені үшін 316 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал 2019 жылы 62 борышкер. 2021 жылы 6 мыңнан астам борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.