Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу жоғалып кетті – БАҚ
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 11 наурыздан бастап қоғамдық кеңістікте көрінуді тоқтатты, яғни Украинадағы соғыс жүріп жатқан 28 күннің 12 күні көрінбейді.
Бұл туралы ресейлік «Медиазона» мен «Агентство» басылымдарына сүйеніп kaz.orda.kz. хабарлайды.
Журналистер Шойгу 11 наурыздан бастап қоғамдық кеңістікте көрінуді тоқтатқанын атап өтті. Әдетте Шойгу БАҚ-та өте белсенді. Оның қорғаныс министрлігіне келуімен баспасөз қызметінің штаты күрт көбейіп, ведомство оның халық алдындағы беделіне үлкен мән бере бастады.
«Агентство» хабарлағандай, 11 наурызға дейін Шойгу күн сайын дерлік жаңалықтарда көрініп жүрді. Шойгу ортасы оның денсаулығы нашар екенін талқылап жатыр. Министрдің бір танысының айтуынша, оның жүрегінде ақау бар.
Ресей қорғаныс министрлігі басшысы соңғы рет 11 наурызда жаңалықтарға шыққаны белгілі. Онда Шойгудың «арнайы әскери операцияға» қатысқан басқыншыларға мемлекеттік наградалар тапсырып жатқан видеосы бар.
Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин Донбас республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдап, Украинаға қарсы соғыс жариялады. Алайда Ресей басшысы Мәскеудің жоспарында Украина аумақтарын басып алу жоқ екенін айтқан болатын.
2 наурыз күні таңертеңгі жағдай бойынша Ресей әскері 5840 адамынан айрылды. Сондай-ақ, 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ, 862 бронетранспортер, 85 артиллериялық жүйе және басқа да көптеген техника жойылды. 28 ақпандағы жағдай бойынша 352 бейбіт тұрғын, оның ішінде 16 бала қаза тауып, 2040 адам жарақат алды.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскерінің шабуылдың алғашқы сағаттарынан бастап азаматтық инфрақұрылымға соққы беріп жатқанын айтты. Президенттің айтуынша, Ресей басқыншы әскерлерінің Украинадағы әрекеттерінде геноцид белгілері бар.
27 ақпанда Украина «басқыншылықты ақтау мақсатында геноцид ұғымын бұрмалағаны үшін Ресейді жауапқа тартуды» талап етіп, Халықаралық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірді. Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты тергеуді Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Кәрім Ханның өзі бастады.