Беларусь партизандары Ресей техникасына зақым келтіріп, пойыздарды жойып жатыр

0 2 327

Беларусь партизандары Украинаға шабуыл барысында әскери қызметкерлердің Ресей тарапынан қатысуына кедергі жасап, ресейлік пойыздарды жарып, техникаға зақым келтіруде.

Бұл туралы Twitter-де Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановскаяның кеңесшісі Франк Вячорка хабарлады.
Ол Беларусь партизандар елі екенін еске салды.

«Біздің қаһармандар ресейлік пойыздарды тоқтатып жатыр. Олар ресейлік техникаға зақым келтіруде. Беларусь әскерлерінің Украинаға кіруіне жол бермеу үшін парақшалар таратады» деп жазды ол.

Ол беларусь партизандар әрекетінің нәтижелерін көрсететін картаны жариялады.

Бұл ретте Вячорка әлеуметтік желілерде Ресейден келген «тролль фабрикасы» деп аталатын кәсіпорын белсендірек болғанын хабарлады.

«Facebook пен Instagram желісінде боттар украиндар мен белорустар арасында дау тудыруға тырысуда. Осылайша, Украина мемлекетіне шабуыл жасаған агрессор ел Беларусьті «бауырлас Украинаға қарсы қанды қырғынға» тартуға тырысуда» деді Тихановскаяның кеңесшісі.

Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин Донбас республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдап, Украинаға қарсы соғыс жариялады. Алайда Ресей басшысы Мәскеудің жоспарында Украина аумақтарын басып алу жоқ екенін айтқан болатын.
2 наурыз күні таңертеңгі жағдай бойынша Ресей әскері 5840 адамынан айрылды. Сондай-ақ, 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ, 862 бронетранспортер, 85 артиллериялық жүйе және басқа да көптеген техника жойылды. 28 ақпандағы жағдай бойынша 352 бейбіт тұрғын, оның ішінде 16 бала қаза тауып, 2040 адам жарақат алды.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскерінің шабуылдың алғашқы сағаттарынан бастап азаматтық инфрақұрылымға соққы беріп жатқанын айтты. Президенттің айтуынша, Ресей басқыншы әскерлерінің Украинадағы әрекеттерінде геноцид белгілері бар.
27 ақпанда Украина «басқыншылықты ақтау мақсатында геноцид ұғымын бұрмалағаны үшін Ресейді жауапқа тартуды» талап етіп, Халықаралық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірді. Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты тергеуді Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Кәрім Ханның өзі бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.