Қордай ауданында ұлттар достығы ұлықталды
Әу бастан бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қордай жұртшылығы татулық пен достықтың буынын бекітіп, ұлтаралық тұрақтылықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мұнымызға дәлел ретінде Қаракемер ауылында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай айтулы іс-шара ұйымдастырылды.
Атап айтсақ, Қаракемер, Қарасай, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылының тұрғындары бір үйдің баласындай бірігіп мешіт ғимаратының ауласына жүз елу түп жасыл желек отырғызды.
Ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың туын желбіреткен ауқымды акцияға мешіт жамағаттары мен имамдары, қазақ ұлты мен дүнген этносының ақсақалдары және жастары қатысты.
Халқымыздың тыныштығы мен жамағаттың ауызбіршілігіне, жас ұрпақтың тәрбиесіне арналған игі шарада ұлт пен ұлысқа, жерге бөлінбей бірлесе сауапты іс жасаудың керемет үлгісі көрсетілді.
Шараға арнайы келген қонақтар осындай ортақ іске атсалысқан аудан тұрғындарының ауызбіршілігіне тәнті болғанын жасырмады.
Осылайша, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Қордай ауданында құрылған қоғамдық келісім кеңесінің жоспарына сай, мешіт имамдары мен жамағаттың ұйытқы болуымен өткен іс-шара барысында Сортөбе ауылының ақсақалы Абдулкарим Войнце сөз алып, алдағы күндері мұндай кездесулердің жиі өтетініне сенім білдірсе, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Төле Аманжолұлы жиылған жамағатқа алғысын білдірді.
Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан қалың көпшілік жаңа мешітке жиналып, онда кір тасын көтеру және арқан тартыс ойындарын тамашалады.
Өз кезегінде ауылдық мешіт өкілдері көрерменге Қарасайдың батырлығы мен Төле бидің туралығы жайындағы қысқаша көрінісін ұсынып, мешіт асханасына кең дастархан жайса, іс-шара соңында ауыл тұрғындары мешіт имамына темір тұлпардың кілтін табыс етті.
Еске сала кетейік, дәл осындай ұлттар достығын дәріптейтін игілікті іс-шара Қарасай ауылында да өткен болатын.