Ресей Қытайдан әскери көмек сұрауда
Ресей билігі Ресейдің Украинаға әскери басып кіруін қолдау және экономикалық санкциялардың салдарларына қарсы тұру үшін Қытайдан әскери және экономикалық көмек сұрады. Бұл туралы Financial Times, The New York Times және The Washington Post газеттері аты аталмаған АҚШ үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Meduza басылымына сілтеме жасап.
Америкалық дереккөздердің мәлімдеуінше, Мәскеу Украинамен соғыс басталғаннан бері Бейжіңнен әскери техника мен басқа да көмек сұрап келеді. FT жазғандай, соғыстың үшінші аптасының ортасына таман Ресейде қарудың кейбір түрлері таусылады деген болжам бар.
CNN АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігіне сілтеме жасап, Ресей Қытайдан әскери көмек, оның ішінде ұшқышсыз басқарылатын ұшақтар сұрағанын хабарлады.
Қытайдың АҚШ-тағы елшілігінің өкілі Лю Пэнгю өз кезегінде Reuters агенттігіне Ресейдің мұндай өтініштері туралы хабардар емес екенін, Қытай үшін Украинадағы шиеленісті жағдайдың ушығуына жол бермеу маңызды екенін атап өтті.
13 наурыз күні АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Қытай Ресейге көмектесуге тырысатын болса, оның «салдары» болатынын ескертті.
«Біз Қытайдың Ресейге қаншалықты материалдық және экономикалық қолдау көрсетіп жатқанын мұқият қадағалап отырмыз. Бейжіңге Ресейдің экономикалық шығынын өтеуге әрекеттенуіне жол бермейтінімізді түсіндірдік», — деді Салливан CNN арнасына берген сұхбатында.