Путин ядролық қаруды қолданудың екі жолын дайындап жатыр – Барлау қызметі
Ресей билігі ядролық қаруды қолданамын деп бопса жасаудың екі жолын дайындап жатыр. Әрі екеуін де Украинаның мойнына іле салғысы келеді. Осылай деп мәлімдеді Украинаның Барлау қызметінің басқарма басшысы Кирилл Буданов. Бұл жайлы Укринформ жазды.
«Басқыншы-мемлекет бізге қарсы ядролық қаруды қолданудың екі жолын дайындап жатқанын анықтадық. Қайсысын таңдары «таза» өздеріне байланысты. Бірінші жолы – қалың радиоактивті орманды жағып, содан көтерілген қалың радиоактивті бұлтты желмен айдау. Екіншісі – ядролық қалдықтар жатқан қоймаларға артиллериялық зымырандарды тастап, бомбалау. Екеуінің де қаупі мен салдары бірдей. Әрі ресей билігі екі амалдың бірін «былықтырып», оны украинаның «өздері қолдан әрі қиялдан жасап алған» «ұлтшылдарына», «неонацисттеріне» жаба салмақшы», — деп түсіндірді Кирилл Буданов.
Будановтың айтуынша, Ресейдің мұндай қулық пен арамдыққа бұрын да барған.
«Өткенде Запорожье атом электрстанциясына оқ жаудырғанын, кейін Харьков физика-технологиялық институтына ракета тастағанын бәріміз білеміз. Институттың аумағы – ядролық раекторда экспериментальды зерттеулер жасалып жатқан жер. Бұл екі әрекеттен іштеңе шықпады. Жоспары қолды болды. Енді ядролық бопсаға көшпек. Ол үшін жоғарыда біз айтқан екі амалдың бірін таңдар», — дейді Буданов.
Барлаушының айтуынша, егер ресей ядролық бопсаға барып, қаруды іске қосса, онда нағыз ядролық терроризм мен экоцид жасаған боп саналады. Мұның соңы адам айтқысыз экологиялық апатқа әкеледі. Еуропа мен Ресейдің, әсіресе, Украина мен Беларусьтің шұрайлы жері жарамсыз боп қалмақ.
Ядролық қару-жарақ саласында «ядролық бопса» деген ұғым бар. Яғни, ядролық қаруы бар елдің ондай қаруы жоқ елге «бомба жарамын, зымыран тастаймын» деп қорқытуы, үркіту «ядролық бопса» (ядерный шантаж) деп айтылады.
Дәл осындай амалды Ұлыбритания 1961 жылы Қытайға қарсы қолданған еді. Егер қытай әскері Гонконгқа басып кірсе, ядролық бомбаны қолданамыз деп үркіткен. Қытай үкіметі бұдан қорқып, Гонконгке шабуыл жасамады.
Путин бастаған Ресей билігі де украиндерге қарсы «ядролық бопса» жасау арқылы келісімге келсін деп шарт қоюы ықтимал. Айта кетейік, Ресей ядролық қаруы ең көп әлемдегі жалғыз мемлекет.