Путинді қолдау митингісін ұйымдастырғандар жұмысынан шығарылуы мүмкін
Байқоңырдағы Путинді қолдау митингіне қатысты сенат депутаттары пікір білдірді.
Олар бұл дерек анықталса, ұйымдастырғандар жазалануы керектігін айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы бұл туралы Facebook желісінен көрдім деп отыр.
«Сосын Байқоңыр қалалық білім басқармасына хат жаздым. Бүгін жауап беруі керек. Байқоңырда Қазақстанның және Ресейдің құзіретін жататын мектептер бар. Шын мәнінде 10-11 сынып оқушылары митинг шығып жатса бұл дұрыс емес. Мұны ұйымдастырған адамдар жазасын алуы тиіс. Балаларды саясатқа араластырмау керек», — дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Ол осы ретте бұйрық берген мектеп директорларының аттары аталып, қызметінен кету керек деп санайды.
Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Депутат ретінде Парламентте Байқоңырға қатысты бірнеше сауал да жолдадым. Ол жерде тек Ресейдің заңдары ғана жүреді. Жалға алып отырған соң, келісі-мшарт солай болып кеткен,
— дейді депутат.
Ал Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Балалар құқығы жөніндегі уәкіл осымен айналысуы тиіс деп санайды.
«Байқоңырда осындай дерек болса, бұл адамның құқығын бұзу, мәжбүрлеу болып саналады. Жалғыз ересек адамдардың ғана емес, балалардың да құқығы болады. Балалар құқығы жөнінде бізде уәкіл бар. Соған осы деректі ұсыну керек. Ешкімнің балаларды митингке мәжбүрлеуге қақысы жоқ»,- дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.