«Соғысты тоқтатамыз»: Ресей Украинаға басты талабын қойды
Кремль Киевке үндеу жолдап, Мәскеу қойған талаптарды орындаса, кез-келген уақытта Украинадағы әскери операцияны тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Reuters басылымына айтып берді деп хабарлады Ресей turkystan.kz.
Песковтың сөзінше, Украина әскери іс-қимылды тоқтатып, конституцияға өзгерістер енгізуі керек және бейтарап мемлекет мәртебесін бекітуі қажет. Сонымен қатар Қырымды Ресей жері ретінде мойындап, Донецк пен Луганскты жеке мемлекет ретінде жариялауы керек.
Песков бұл туралы Ресей-Украина арасындағы үшінші келіссөзге дейін айтқан.
Кремль өкілінің сөзінше, Киев аталған талаптармен таныс. Алайда Украинаның талапты орындау-орындамайтыны әзірге белгісіз.
«Оларға операцияның кез келген уақытта тоқтайтынын айтты. Расымен, біз Украинаның әскерін жою мақсатына жетіп қалдық және жақында аяқтаймыз», – деді Песков.
Украина делегациясы Ресеймен келіссөз кезінде бейтарап мәртебесі туралы талқылауға дайын, бірақ Қырым, Донецк және Луганкс мәселесін қарау мүмкін емес екенін мәлім еткен.