Украинада Ресей генералының көзі жойылды
Чернигов облысының аумағында Украина қарулы күштері Ресейдің 41-ші әскер қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Андрей Суховецкийдің көзін жойды.
Бұл туралы Украина ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді.
«Бірінші кетті! Украинада бірінші орыс басқыншы генералдың көзі жойылды. Басқаларына дайын болыңыз деймін! Немесе, генералдар – Украинаға басып кіру Ресейді тез арада тоқтатпаса, жойып жіберетін қанды шытырман оқиға екенін жоғарыға хабарлаңыз!» делінген хабарламада.
«Украина сіздің Ауғанстаныңыз. Ресей ыдырағанша 10 жыл күтудің қажеті жоқ. Бір айдың ішінде жетеміз!» деді Геращенко.
Еске салсақ, Ресей президенті Владимир Путин Донбас республикалары басшыларының үндеуіне жауап ретінде арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдап, Украинаға қарсы соғыс жариялады. Алайда Ресей басшысы Мәскеудің жоспарында Украина аумақтарын басып алу жоқ екенін айтқан болатын.
2 наурыз күні таңертеңгі жағдай бойынша Ресей әскері 5840 адамнан айырылды. Сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ, 862 бронетранспортер, 85 артиллериялық жүйе және басқа да көптеген техника жойылды. 28 ақпандағы жағдай бойынша 352 бейбіт тұрғын, оның ішінде 16 бала қаза тауып, 2040 адам жарақат алды.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскерінің шабуылдың алғашқы сағаттарынан бастап азаматтық инфрақұрылымға соққы беріп жатқанын айтты. Президенттің айтуынша, Ресей басқыншы әскерлерінің Украинадағы әрекеттерінде геноцид белгілері бар.
27 ақпанда Украина «басқыншылықты ақтау үшін геноцид ұғымын бұрмалағаны үшін Ресейді жауапқа тартуды» талап етіп, Халықаралық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірді. Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты тергеуді Халықаралық қылмыстық соттың прокуроры Кәрім Ханның өзі бастады.