«Путин, Қазақстанды Ресейге қос»: елімізде арандатушылар бас көтеруде
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар жалғасып жатқан кезде Facebook әлеуметтік желісінің қазақстандық сегментінде ұлтаралық араздықты қоздырушылар шыға бастады. Солардың бірі – қостанайлық Татьяна Малахова есімді әйел деп жазды turkystan.kz.
Өзін мектеп мұғалімі деп таныстырған азаматша өз парақшасында Ресей президенті Владимир Путинге арнап жазба қалдырды.
«Қымбатты Владимир Владимирович! Украинаны жеңгеннен кейін, бізді, Қазақстанды өзіңе ал. Мен Қостанайда – тарихи орыс жерінде тұрамын. Қазір қимылдап қалмасаңыз, ертең кеш болады. Демографиляқ өсім мен қазақ халқының бала туу дүмпуі солтүстік Қазақстандағы ұлттық құрамды өзгертуде.
Мен өзім мұғаліммін. Тіпті, орыс тілді мектептердегі балалардың 70-80 пайызы қазақтар екенін, ал жалпы мектептердің тек 40 пайызы орыстілді екенін көріп отырмын. Қазақтілді мектептерде толығымен қазақ балалары оқиды», – деп жазды Татьяна Малахаова.
Бір атап өтерлігі, жазба авторы аккаунттағы фотосын өшіріп тастаған. Тіпті, арам пиғылға барған бұл адамның фейк болуы да мүмкін. Дегенмен, Қостанай облысының білім басқармасы мен Полиция департаменті бұл жазба авторына қатысты шара қолданады деп үміттенеміз.
Біз өз кезегімізде әлеуметтік желілерде азаматтарды ұлтына қарай бір-біріне айдап салып, тіл тигізген, тарихи деректерді бұрмалап көрсеткендер ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлігі («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске саламыз.