Мәсімовтың орынбасары құрықталды
Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовтың тағы бір бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қамауға алынды.
«2022 жылғы 22 ақпанда лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану күдігі бойынша ҰҚК Төрағасының бұрынғы орынбасары Өсіпов М.С. ұсталды. 2022 жылғы 23 ақпанда сот санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды» делінген хабарламада.
Өсіпов 2016 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың 9 қаңтарына дейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Еске салайық, Қазақстанда тәртіпсіздікке ұласқан жаппай наразылықтардан кейін жоғары шенді барлау қызметкерлерін ұстау басталды. Алдымен Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметінен алынып, мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Оның орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды. Сондай-ақ ҰҚК басшысының орынбасарлары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметтерінен босатылды. 13 қаңтарда Мәсімовке де билікті күшпен басып алуға және билікті асыра пайдалануға бағытталған әрекеттерге күдікке ілінгені белгілі болды.
Садықұлов пен Ерғожиннің ұсталғаны туралы да белгілі болды. Кейін Мәсімов пен Садықұловты сот қамауға алып, іс «өте құпия» санатқа жатқызылғаны белгілі болды. 7 ақпанда сот санкциясымен Ерғожиннің де қамауға алынды. 8 ақпанда ҰҚК «Арыстан» арнайы қызметінің директоры мен осы қызмет орталығының басшысы ұсталғаны белгілі болды.