Jusan банкі мен Назарбаевтың шетелдегі активтерін не байланыстырады?
Соңғы кездері Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі мүліктері туралы жиі айтыла бастады. Бүгін KazTag басылымы Лондондағы Журналистік зерттеулер бюросының (TBIJ) Назарбаевтың Ұлыбританиядағы 8 миллиард долларға жуықтайтын активтерді басқару схемасын ашқаны туралы ақпарат жариялады.
«2019 жылы биліктен кеткен автократ Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауындағы қорлар Jusan Technologies арқылы 7,8 миллиард доллар қаражатын басқарып отырған. Фирманың еншілес компанияларының бірі қазақстандық банк мемлекеттен миллиардтаған долларлық көмек алып, өзінің бас компаниясына дивидендтер төлеуді жалғастырды. Ол Ұлыбританияда тіркелген, онда бір ғана қызметкер бар. 2021 жылғы қазан айындағы құжаттар Jusan Technologies БАӘ-ні басқарып отырған отбасымен байланысты қазақстандық элита өкілдерінің жеке қызығушылықтары бар ұжымдық схеманың ортасында қалғанын көрсетеді» деп жазылған TBIJ зерттеуінде.
Жазбада активтердің Қазақстанда, Люксембугте, БАӘ-де, Ұлыбританияда және АҚШ-та тіркелген ондаған кәсіпорындар арқылы басқарылып отырғаны айтылады. Сонымен қатар, еліміздегі ірі банктің өкілдерінің бұл іске қаншалықты қатысы бар екендігі жөнінде де сөз қозғалады.
«Соңғы жылдары First Heartland Jusan Bank банкі 2,3 миллиард доллар мемлекеттік көмек алған. 2021 жылдың басында компания аталған қаражаттың белгілі бір бөлігін үлескерлерге 430 миллион доллар көлемінде дивидент төлеуге пайдаланған. Қазақстанның қаржы реттеуші органдары мұндай әрекетке тыйым салады. Назарбаевтың жақтастары банктің акцияларын иелене отырып, қазақстандық мемлекеттік қаражаттан пайда көрген» деп жазылған жазбада.