Антикор Назарбаев әулетінің офшорлық есепшоттарын тексере ме?
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ведомство Назарбаевтар отбасына тиесілі және шетелде орналасқан қаражаттың заңдылығын тексеріп жатыр ма деген сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, тексеруді бастау үшін заңды негіз қажет.
«Қылмыстық іс қозғалуы керек, бұл ақшаның қылмыстылығы анықталды. Одан кейін ол басқа мемлекетте табылса ғана (…), содан кейін ғана – бұл мемлекет нақты дәлелдер келтіргеннен кейін тексеріледі. Қазір оларға қатысты тексеріс жоқ, өндірісте де қылмыстық іс жоқ» деп жауап берді Агенттік басшысы.
Айта кетсек, шетелдік БАҚ Назарбаевтар отбасының ақшасының шығу тегінің заңсыз екені туралы бірнеше рет жазған болатын. Атап айтқанда, Елбасының кенже қызы Әлия Назарбаеваның Қазақстаннан 300 млн астам долларды заңсыз алып кеткені белгілі болды.
Қазір Қазақстан құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты 68 халықаралық шартты ратификациялады. Бұл ретте мемлекет қайраткерлерінің заңсыз баюына қатысты тергеуді бастаудың екі тетігі бар.