«Біз ешқашан оңай беріліп көрмегенбіз»: Украина президенті халқына маңызды үндеу жасады
Украина президенті Владимир Зеленский халқына үндеу жолдап, 16 ақпанды Бірлік күні деп жариялады. Бұл туралы Bugin.kz порталы UNIAN сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Зеленский бұл күні барлық елді мекендердегі үйлер мен құрылыстарда Украинаның Мемлекеттік Туын көтеріп, сағат 10:00-де Украинаның Мемлекеттік Гимнін орындау қажет екенін атап өтті.
— «Бізді үлкен соғыспен қорқытып жатыр және мұнымен қоса әскери шабуылдың күнін белгіледі. Бұл бірінші рет орын алып тұрған жоқ. Бірақ біздің бүгінгі мемлекетіміз бұлай күшті болған емес… Бізге ақпанның 16-сы күні шабуыл болатынын айтады. Біз ол күннен Бірлік күнін жасаймыз. Тиісті жарлыққа қол қойылып та қойды. Бұл күні мемлекеттік туымызды іліп, көк-сары лента тағып, бірлігімізді барша әлемге паш етеміз», — деді Зеленский.
Ол биліктің қауіпсіздік жағдайын бақылап отырғанына, ал Украина армиясының басып кіруге табандылықпен тойтарыс беру үшін заманауи қару-жарақ пен моральдық күшке ие екеніне сендірді.
— «Біз ешқашан оңай беріліп көрмегенбіз және олай болмайды да… Ия, қазір сіздерге айнала қараңғы болып көрінуі мүмкін. Бірақ ертең біздің бейбіт аспанымызға күн қайтадан нұрын шашады. Украинаны сүйіңіздер! Біз сабырлымыз. Біз мықтымыз. Біз біргеміз. Ұлы мемлекеттің ұлы халқы», — деді украин президенті.
Зеленский сондай-ақ жақында Украинадан кеткен олигархтар мен бизнесмендерден қайта оралуын сұрады.
— «Мен осынадай маңызды сәтте Украинаны тастап кеткендерге мынаны айтқым келеді. Сіздердің күштеріңіз ақшаларыңыз бен ұшақтарыңызда емес. Ол сіз көрсете алатын азаматтық ұстанымда. Солардың арқасында өз зауыттарыңыз бен байлықтарыңызға ие болған халыққа, елге оралыңыздар. Бүгінгі күні әрбір Украина азаматы үшін сынақ түсіп тұр. Ол сынақтан абыроймен өтіңіз. Украинаның кім үшін нағыз отан екенін, ал кім үшін тек ақша алаңы болатынын барлығы түсінсін», — деп шақырды президент.
Зеленский Украинаға қарсы бірнеше майданда соғыс болып жатқанын жеткізді. Президенттің айтуынша, «дипломатиялық майданда» Ресей Украинаны ЕО мен НАТО-дағы болашағынан айыруды, ал «ақпараттық» майданда украин армиясының қарсы тұру қабілетіне күмән келтіріп, оны жеңілуге мәжбүр етуді мақсат етуде.