«Тоқта, Гестапо»: Саяси талаптарды көтерген алматылықтар алаңнан әлі тарамай тұр
13 ақпанда күндіз Алматының Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында жұрт Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алды. Азаттық тілшісінің айтуынша, оған шамамен 200-ден астам адам жиналған. Жиналғандар арасында саясаткерлер мен қоғам белсенділері Балташ Тұрсымбаев, Болат Әбілов, Еркін Рақышев, Гүлжан Ерғалиева, Жанболат Мамай бар.
Тәуелсіздік монументінде оқиға құрбандарының тізімі жазылған. Жұрт қаза болғандардың рухына құран бағыштап, монументке гүл қойған. Жиналғандар «Халық террорист емес» деген жазуы бар үлкен плакат ұстаған. Сөйлегісі келгендерге шағын микрофон ұсынылған.
Халық биліктің қаңтар оқиғасы кезінде халыққа оқ атуын сынап, азаптау мен қудалауды дереу тыюды талап етті. Кейбір адамдар билікті қатты сынаған өлеңдер оқыды.
Алаңды алыстан полиция қызметкерлері бақылады. Аумақта көлік қозғалысы тоқтамаған.
Еске алу шарасында «Назарбаев сотталсын!» деген ұран да айтылды. Наразылардың қолында «Тоқта, Гестапо», «Ескертусіз оқ ату халыққа қарсы қылмыс» деген жазуы бар плакаттар бар. Наразылар сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялап, мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен және Тоқаев екінші мерзімге сайланудан үміттенбесін деген. Сондай-ақ
Митингте Болат Әбілов Назарбаевқа қатысты негізгі үш талап қойды:
«Назарбаевтың байлығын халыққа қайтару», «Алматыдағы Назарбаев даңғылы атауын Қаңтар деп өзгерту», «Тұңғыш президент туралы заңның күші жойылсын».
Сағат түскі 12-ге таман алаңда интернет байланысы нашарлады. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер үзілді.
Биыл қаңтарда Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жаппай наразылық басталып, оның соңы ел аумағында тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұласқан. Басқа аймақтарда болған қақтығыс, атыс кесірінен кемінде 227 адам қаза болды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, олардың басым бөлігі бейбіт азаматтар. Қоғам талабына қарамастан билік олардың аты-жөнін жарияламай келеді.
Бұған дейін құқық қорғаушылар мен белсенділер қаза болғандардың аты-жөнін өз бетінше анықтап, жариялаған. Азаттық та олардың тізімін құрастырған. 11 ақпанда кешке оқиға құрбандарының тізімі жарияланған Азаттық парақшасы кенет ашылмай қалды. Елдегі ең ірі провайдер «Қазақтелеком» компаниясы түсініктеме бермеді.
Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік», «қару-жарақты ұрлау» және өзге қылмыс жасады деген күдікпен қамауға алынды. Ұсталғандардың көбінің туыстары қамау кезіндегі азаптауларға шағымданды: олардың сөзіне қарағанда, полиция бөлімшелерінде жақындарының үстінен ыстық су құйып, үтікпен және электрошокермен күйдірген, қатты ұрып-соққан. Қылмысты мойындатуға тырысқан. Бұған дейін Бас прокуратура ұсталғандардан азаптау және заңсыз тергеу әдісін қолдану бойынша 300-ден астам шағым түскенін, 170-і бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Дегенмен ведомство әлі күнге дейін қанша полицейдің ұсталғанын айтпай отыр.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар мен ұйымдар Қазақстан билігінен оқиғаны жан-жақты тәуелсіз ашық зерттеуге шақырған. Осы аптада Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтанды зерттеу тобына тәжірибелі халықаралық сарапшыларды да қосуға үндеген.