Халық кредитін кешіретін заң жобасы ұсынылды
Еліміздің Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» атты заң жобасын әзірлеп шықты, деп хабарлайды bugin.kz порталы sayasat_tarlandary Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2018 жылы қазақстандықтар банктер мен микроқаржы ұйымдарынан 4,3 триллион теңге кредит алса, 2021 жылы несие көлемі 9,8 триллион теңгеге жеткен.
Қазіргі кезде банктен несие алып, 90 күн бойы қайтарылмай (просрочка) жатқан ақшаның көлемі 422,0 миллиард теңге болған.
Осы тұста жыл сайын Ұлттық банкке қаржы ұйымдарының қызметіне 6 мыңға жуық өтініш пен шағым түседі. Адамдар алған кредиттерін қайта реттеп беруді және қарыздарына рақымшылық жасауды сұрайды.
«Енді не істемек керек?» дегенге Үкімет адамдар қарыздарынан құтылып, жағдайын түзеп алу үшін банкроттық тетігін ұсынып жатыр. Заң жобасын жасаушылар бұл «бәрін 0 қылып, өмірді жаңадан бастауға» мүмкіндік беретін механизм дейді. Яғни өзін заң бойынша «банкротпын» деп атаған адамның өмірі онымен тоқтап қалмайды. Қайта несиелері жабылып, барлығын жаңадан бастауға жағдай жасалады.