Алматыдағы трагедия: халықаралық тергеу жүргізіле ме?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы трагедия бойынша халықаралық тергеудің қажет емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды nege.kz
«Ондай тергеудің қажеті бар деп ойламаймын. Өзіміз істей аламыз. Бізде адал және бәрін ашық айтатын адамдар бар. Олар қоғамдық комиссияларды басқарады. Мен де, әкімшілігім де сол комиссиялардың құрылуына қатысқан жоқ. Адамдар өз еркімен құрды, жұмыс істей берсін. Өзім де ақиқатты, шындықты білгім келеді», – деді президент сұхбатында.
Осы орайда ол Еуропарламенттің резолюциясына қатысты өз ойын айтты.
Мемлекет басшысы Еуропарламенттің резолюциясы лоббистердің әрекеті деп санайды. «Олар осымен екінші резолюцияны қабылдап жатыр, тым ерте қимылдап отыр. Ол резолюция – лоббистердің әрекеті. Ал лоббистер өз адамдарымыздың тапсырысы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол адамдар кезінде Қазақстанда қыруар ақша тапқан. Артынан шетелге кетіп қалды. Енді ол ақшаны наразылықтарды ұйымдастыруға және адамдарды бір-біріне айдап салуға жұмсап жатыр», – деп атап өтті Тоқаев.