Сот Елжан Біртановтың ісін Бас Прокуратураға қайтарды
Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотында бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы аяқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша, айыпталушы тараптың қорғаушылары қойған талаптар ішінара қанағаттандырылды.
Нақтырақ айтсақ, 141 томнан тұратын іс материалдарымен айыпталушы тараптың толық танысып үлгермедік деген уәжін және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптары бұзылғанын ескеріп, судья істі Бас Прокуратураға қайтарды.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 320, 321, 323-баптарын басшылыққа ала отырып, судья айтыпталушы тараптың қорғаушылары берген Е.Біртанов пен О.Әбішевтің қылмыстық істерін прокурорға қайтару туралы өтінішхатын қанағаттандыру туралы, Е.Біртановты Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 361-бөлігі 3-бөлігі бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптау жөніндегі қылмыстық істі және О.Әбішевті Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі 4-тармағы 2-тармақшасы бойынша көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптау жөніндегі қылмыстық істі іс жүргізу заңнамасының елеулі бұзушылықтарын жою үшін Бас Прокуратураға қайтару туралы қаулы етеді», — деді Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов.
Сондай-ақ, ол Елжан Біртановтың адвокаты Н.Бейсекеевтің қорғауындағы азаматқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
«Біртанов пен Әбішевке қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін істі прокурорларға тапсырған сәттен бастап бір айға ұзарту қажет», — деді Ибрагим Әлкенов.
Айта кетейік, 17 қаңтарда бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа түскен.
Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.