Бауыржан Байбектің лауазымы өзгеретін болды
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Ойнет жаңалықтар сайты.
Мемлекет басшысы партияның ұйымдастырушылық құрылымын да қайта қарау керектігін баса айтты. «Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сонымен қатар тиісті бағыттар бойынша өзге де хатшылар позициясын қарастыру керек. Партияның жанынан құрылған қоғамдық кеңестер ашық және нақты алаңдарға айналуы, оларда ең өткір тақырыптар бойынша ұсынымдар әзірленуі тиіс. Олар өзекті проблемаларды шешудің іс жүзіндегі шынайы тетігіне трансформациялануы қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ұсыны қолдау табары белгілі. Яғни жақын арада партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымының орнына атқарушы хатшы лауазымы қойылуы мүмкін. Төрағаның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек енді атқарушы хатшы болуы әбден мүмкін. Айта кетейік, партия съезіндегі Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі ҚР Президенті баспасөз қызметінің Twitter-дегі парақшасында жариялануда.