Тасмағамбетовтің тегін «концерті», Ғалым Боқаштың сметасы

0 278

Иманғали Тасмағамбетов деген тұлға ұмытылмай, елдің аузында әлі жүр. Әлеуметтік желілерде ол Алматы қаласының әкімі болып тұрған кездегі қызық оқиғалар туралы жиі айтыла бастады. Соның бірі – тілдер мерекесіне орай өткізілген концерт. Бұл туралы nege.kz сайты жазды. 

Бексұлтан Назаров деген қолданушының айтуынша, оқиға былай өрбіген көрінеді:

«Тасмағамбетов Алматыға әкім боп тұрған жылдары орынбасары Ғалым Боқашты шақырады:

— Ғалым, алда тілдер күні ғой. Әншілердің басын қосып, қазақ тілінің құрметіне бір концерт ұйымдастырып жібермедіңдер ме? Әншілер қанша сұрайды, сөйлес те сметаны жасап, маған әкел.

— Имеке, ұсынысыңыз орынды. Менің алып-қосарым бар. Әншілеріміздің барлығы танылса, қазақ тілінде ән айтып танылып жүр. Ендеше оған несіне смета жазып, әуре боламыз? Туған тілдің мерекесінде ән айтқаны үшін ақша сұрамайтын шығар?

— Әй, Ғалым, мынауың шынымен идея екен. Давай, сөйтіңдер. Бірақ гонорарсыз тегін концерт, ақша төленбейді деп басын ашып айтыңдар. Сосын бәрін бір жерге жинап, алдын ала сценарийлеріңді құрып, дайындықты бастай беріңдер.

— Жақсы, Имеке.

Әкімнің кабинетінен шыққан бойда Ғалым Боқаш қазақ эстрадасының жұлдызы дейтін статусқа сай барлық әншілерге хабарласып, алдағы концерттің мән-жайын түсіндіріп, ертең әкімдікте кездесуге шақырады. Белгіленген уақытта залға “Қазақ тіліне арналған концерттің дайындығы осында өте ме?” деп Құдайберген Бекіш келген көрінеді. Одан басқа бір де бір әнші бой көрсетпеген».

Бұл жайт қаншалықты рас? Анық-қанығын әнші Құдайберген Бекіштің өз аузынан естуге асықтық. Бірақ әнші бұл оқиғаны растағанымен, репетицияға өзінің тек бірінші келгенін айтты.

— ­Бұл 20 жыл бұрынғы болған оқиға. Бірақ менен басқа адамдар да келді. Кімдер екенін нақты айтып бере алмаймын. Неше түрлі концерттер болып жатыр. Жадымда қалмапты. Сондай бірдеңе болғанын білемін. Ақшасыз барған дүние әрқашан есіңде қалады (күледі-ред). «Тегін концертке ешкім келмеді» дегені дұрыс емес. Қазір әншілермен ойнайтын заман болды. Бірақ ол жерде жалғыз мен ғана ән айтқан жоқпын. Толыққанды концерт өтті. Мен бас жағында айттым да, басқа жұмыстарыммен кетіп қалдым, — деп жауап берді Құдайберген Бекіш.

Leave A Reply

Your email address will not be published.