Қоғамдық қабылдау өтті
«Құқық қорғау саласы» тобы бекітілген кестеге сәйкес Қызыл жұлдыз ауылдық округінде болып, қоғамдық қабылдау өткізді.
Топ мүшелері – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басқармасының бас маманы Жанәділ Құрбанов, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Өмірзақ Қоспанов және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті жасақтау басқармасының нұсқаушы сержанты Сәуле Бақбергенова тұрғындарды шешімін таба алмай жүрген мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында қойылған сұрақтардың дені жер учаскесін алу үшін кезекке тұру, көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен жеңілдіктер, жер, мүлік, көлік салығын төлеу тәртібі, шаруа қожалық иелерінің салық төлеу ерекшеліктеріне қатысты болды. Сонымен қатар, келісім-шарт бойынша әскери қызметті өткеру, мерзімді әскери қызметтен кейінге қалдыруды ұсыну және әскери қызмет өткеру ережелері турасында да сұрақтар қойылып жатты.
Тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға заң аясында жауаптар қайтарылып, кеңестер берілді. Құқықтары мен міндеттерді турасында қысқаша түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Гүлжан РУСЛАНҚЫЗЫ