«Мораторий жариялансын»: Шаруалар азық-түлік бағасының қымбаттауын утильдік алыммен байланыстырды
Қазақстандық шаруалар ауыл шаруашылығы техникаларына арналған утильдік алымға бір жылға мораторий жариялауды немесе мүлде алып тастауды сұрады. Өткен жылдың өзінде шаруалар «Оператор РОП» компаниясына 30 миллиард теңге төлеген. Нәтижесінде бұл азық-түлік бағасының өсуіне алып келгенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазақстандық шаруалар утильдік алымға қарсы шықты, себебі алымның кесірінен арнайы техника 20%-ға қымбаттаған. Нәтижесінде экологиялық салық сүт пен нан, ет бағасының өсіміне әкеп соққан.
Шаруалардың сөзінше, тек өткен жылдың өзінде олар «Оператор РОП» компаниясына 30 миллиард теңге төлеген. Дегенмен Индустрия министрлігі утильдік алым мен азық-түлік бағасының қымбаттауы арасындағы байланысты мойындағысы келмейді дейді. Шенеуніктер арнайы техника мен тауардың қымбаттауына экологиялық салық емес, сыртқы факторлар әсер еткенін мәлімдеді.
«Эпидахуалға байланысты орнаған девальвация. Логистика қымбаттауда. Бұған көптеген факторлар ықпал етеді. Мәселен, техника шығаратын зауыттар. Олар бізде құрастырылғанымен, бөлшектер Беларусьтен әкелінеді. Яғни Беларусь техника бөлшектерін бізге сатады. Олар бастапқыда қымбаттап кетуі мүмкін», — деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриалды даму комитетінің басқарма басшысы Руслан Хисамутдинов.
Фермерлердің сөзінше, елде ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттар жоқ. Бар болған күннің өзінде мұндай кәсіпорындарда көлік тек жиналады екен.
«Дайын өнімдер келеді. Тек дөңгелегін орнына қояды. Содан кейін «Қазақстанда жасалған» деп көрсетеді. Барлық саясат ірі кәсіпорындарды қолдау үшін жасалған. Олар үлкен табыс табуда. Алайда бөлшек жасау, негізгі материалдарды дайындау, аспалы және тіркеме құралдарын жасау оңай және импорттың орнын алмастыра алар еді. Бізде металл да, жұмысшы да бар», — дейді Қазақстан Ет одағының басқарма мүшесі Мақсұт Бақтыбаев.
Шаруалар қаржының басым бөлігі бөлшектердің 90% шеттен сатып алатын зауыттарға кетеді деп ашынады. Ал ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдар ескі техникамен жұмыс істеуге мәжбүр дейді. Мұны Индустрия министрлігі де мойындаған. Ауыл шаруашылығы техникаларының 100%-ға жуығы тозған.
«Біздің вице-министріміз Роман Скляр ауыл шаруашылығына қатысты утильдік алымды алып тастауға қарсы шыққан. Әріптестерім келісе ме, білмеймін. Бізге мұндай вице-министр керек емес. Қазақстан мал өсірушілері атынан сенімсіздік танытамын», — деді Ұлттық қойшылар ассоциациясының басшысы Алмасбек Садырбаев.
Бірінші кезекте фермерлер арнайы техникаға арналған утильдік алымға мораторий жариялауды талап етті. Тым болмаса бір жылға, бұл уақыт сараптама жүргізіп, қажетті шешім қабылдауға жетеді дейді. Ал экология министрлігінің жұмыс тобы 28 қаңтарда тракторлар мен комбайндарға арналған мөлшерлемені қарау үшін отырыс өткізбек.
Айта кетейік, Президент утильдік алым мөлшерлемесін қайта қарау жөнінде тапсырма берген. Ол “Оператор РОП” компаниясының жұмысы көптеген сұрақ туындатқанын да мәлімдеген еді.