Назарбаев әулеті Алматыны да иеленген бе?
Қазақстанның экс-Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, қыздары – Әлия, Динара, Дариға Назарбаевалардың, сондай-ақ інісі Қайрат Сатыбалдының Алматының Бостандық ауданында зәулім үйлері бары анықталды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Бұл туралы «azattyq.org» сайты кең көлемде зерттеу жасады.
«2001 жылы Алматының «Алма-Арасан» шатқалына қарай көтерілетін жолдың оң қапталындағы 61 гектар жерге саябақ ашу туралы шешім қабылданды. Жаңа саябақ әуелі «21 ғасыр» деп аталуы керек еді. Бірақ ол идея жүзеге аспады. Ол жер қазір «Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің саябағы» деп аталады.
Назарбаевтың құрметіне ашылған кең саябақ ішінде осылайша оның ескерткіші бой көтерді. Бірақ саябақтың ашылуы оның шекарасы біткен тұстан басталатын 135 гектар жердің экс-президенттің отбасы мүшелері мен оған жақын адамдардың меншігіне өтіп кеткенін жасырып қалғандай», — деп жазылған зерттеуде.
Сонымен ең бірінші жер телімі мен ондағы сарайлар Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның меншігінде болып шықты. ның аумағы – 74 149 шаршы метр, яғни, 7,5 гектарға жуық. Бұл жер – «Жайлау» гольф-клубы мен Қазақстан президенті іс басқармасына қарайтын «Оқжетпес» санаторийі аумағымен шектесіп жатыр.
Келесі жер – «Жайлау» ықшамауданы, 2-үй. 2,8 гектар жер президенттің кіші қызы Әлия Назарбаева мен күйеу баласы Димаш Досановтың меншігінде. Бұл жер қазір қараусыз тұр. Учаскеде бұрын қызыл шатырлы үй тұрған. Оны 2019 жылы бұзып тастаған. Әзірге орнына ештеңе салмаған.
Динара мен Әлияның көршісі – келесі жердің иесі кім болуы мүмкін? Бұл, әрине риторикалық сауал. Әлияның учаскесінің екі қапталын қоршап тұрған төрт жер телімі Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеванікі. Нақтырақ айтсақ, төрт учаскенің үшеуі нақты өзінің атына тіркелген. Үш жер телімінің аумағы алты жарым гектарға жуықтайды. Оның бірінде сұр шатырлы коттедж тұр. Үй ертеректе салынған.
Екінші жерде зәулім сарай салынып жатыр. Оның құрылысы 2018 жылы басталған. Аумағы шамамен 2350 шаршы метр. Ғимараттың әрлеу, безендіру жұмыстары ғана қалған. Сарайдың ішкі жұмыстары аяқталған ба, бізге ол жағы белгісіз.
Ал үй салуға арналған, бірақ әзірге ештеңе салынбаған 2,4 гектарға жуық жер DLS group деген компанияға қарайды. Бірнеше жыл бұрынғы деректе Дариға Назарбаева осы компанияның жалғыз құрылтайшысы болған. Сергей Рычков деген адам қазір де директор болып отыр, демек, компания құрылтайшысы да ауыспауы әбден мүмкін.
Әлия, Динара, Дариға Назарбаевлардың жерлерімен шекаралас тұрған келесі телімнің аумағы 13 гектарға жуықтайды. Жер кадастары жүйесінде оның жартысы ғана көрсетілген. Бұл аумақ Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың меншігінде. Үйдің айналасы қалың ағаш. Жасанды көлшігі, теннис корты бар.