Әкімдіктер енді жер беріп, оны бақылау құқығынан айырылды
Әкімдіктер жер беруді, берілген жердің пайдаланылуын бақылау жөніндегі функцияларынан айырылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2014 жылдан бастап Жер қатынастары және мемлекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің құрамына кіріп, онда «мүдделер қақтығысы» болған-ды.
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 19 наурыздағы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында берген тапсырмасына сәйкес, жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның 5 отырысында 120-дан астам ұсыныс жасалып, жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі ұсынымдар әзірленді. Ұсыныстардың бірі «орталық – өңір» қағидаты бойынша жерді ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалын құру болды.
Осыған байланысты, 2021 жылғы 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданған еді. Ол жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органның ведомствосына беруді көздейді.
Осылайша, жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды, ал әкімдіктердің жер беруін және меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар аумақтық департаменттерді құру арқылы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді.