Nur Otan съезі: «Алматыдан Дариға Назарбаева мен Ахметжан Есімов бара жатыр…»

0 2 349

Бұрынғы билік партиясының саяси кеңесі отырысын жұрттың бәрі күтіп жүр. Nur Otan партиясының құрылымы өзгере ме? Атауына ребрендинг жасала ма? Президент Тоқаев партия төрағасы бола ма? Парламент сайлауы өте ме? Осы және өзге де сұрақтарға ертең жауап алуымыз мүмкін, деп хабарлайды nege.kz.

Алғашқыда съездің өтетін күні 28 қаңтарға белгіленген. Алайда өтетін уақыты бір күнге қысқарып, ертеңге – 27 қаңтарға белгіленіпті. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Туиттердегі парақшасына былай деп жазды: «Nur Otan» Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен (Жарғының 9.5. тармағына сәйкес) 27 қаңтарда партияның Саяси кеңесінің отырысын өткізу туралы шешім қабылданды».

Бір күннің ары-берісінде тұрған аса маңызды ештеңе болмауы да мүмкін. Алайда біздің көзі ашық оқырмандарымызды ойландыруға тиіс дерек қолымызда бар.

Есілдің сол жағалауындағы саяси оқиғалардан хабардар тұрақты оқырманымыздың айтуынша, партияның Саяси кеңесі отырысына Алматы қаласынан делегат ретінде Дариға Назарбаева мен Ахметжан Есімов қатысады.

Бұған дейін Б.Байбек кезектен тыс съезге аймақтардан 399 делегат қатысатынын айтқан. Қалған 397 делегаттың кімдер екені оқырманға аса қызық болмауы да мүмкін. Ал мына екеуі…

Ахметжан Есімов Алматыда әкім боп тұрғанда «үйім жоқ, әйелімнің үйінде тұрамын» деп, күлкіге қалғаны бар. Ендеше, «Алматыда үйі жоқ» Ахаң қалай делегат болмақ?

Тұңғыш президенттің тұңғышы Дариға Назарбаева Теміртауда туған. Оны Алматымен не байланыстыратыны әзірге белгісіз.

Қош, әр өңір съезге қатысатын делегатын өзі таңдайды. Бәлкім, Есімов пен Назарбаеваға Сағынтаевтің өзі қолқа салған болар?

Қазақта «Ескіні жамағанның есі кетеді» деген сөз бар. Қалай десек те, «ескі көздердің» ат терлетіп астанаға бара жатқаны партияда көп ештеңе өзгермейтінін байқататындай…

Leave A Reply

Your email address will not be published.