Петропавлда аялдамада ұйықтап қалған шенеунік қызметінен босатылды
Петропавлда мас күйде аялдамада ұйықтап қалған шенеунік қызметінен босатылды. ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан бойынша департамент басшысы Абай Балабековке қатысты іс тәртіптік кеңесте қаралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға өткен жылдың қараша айында болған. Автобус аялдамасында алаңсыз ұйықтап жатқан мемлекеттік қызметшіні патрульдік полиция тауып алған. Онлайн өткен кеңесте айыпты жүрек талмасы болғандықтан көшеде жатқанын айтып ақталды.
«Мен бала кезден жүрек ауруына шалдыққанмын, диспансерлік тіркеуде тұрмын. Тыныс алу жолдарында да ақау бар. Үйге бармақ болып такси шақырттым, келмеді. Автобус аялдамасында қоғамдық көлік күттім. Сағат 22.00 шамасы болатын. Спирттік ішімдіктен бар-жоғы 300 грамм алған едім. Аялдамада көзімді жай ғана жұмып жатқан едім. Полиция тап болды», — дейді Арман Балабеков.
Алайда медициналық куәландыру шенеуніктің спирттік ішімдікке тойып алғанын көрсеткен. Тәртіптік кеңес мүшелері оны қызметінен босату жөнінде ұсынысты дауысқа салды.