Қытайдың Орталық Азияға құйған инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі – Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – ҚХР» саммитінде Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Қазір екі жақты тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылда 11 айдың нәтижесі бойынша көрсеткіш 17 миллиард долларға дейін жетті. Қытай Орталық Азияға 40 миллиард доллар инвестиция құйған, оның жартысы Қазақстанға тиесілі. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай сандар. Сондықтан еліміздің Қытайдың осы аймақтағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі болуы заңды», — деді Тоқаев онлайн саммит барысында.
Оның сөзінше, Қазақстан әрі қарай да қытайлық және өзге де шетел инвесторларын қолдауды жалғастыра бермек. Қазір үкімет инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін жаңа инвестициялық саясат жасауда. Мұндай саясат Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының ажырамас бөлігі болмақ.
«Біздің кездесуіміз тарихи күн қарсаңында өтіп жатыр. Биыл Орталық Азия елдері мен Қытай арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толды. Біздің арақатынасымыздың тарихы сан ғасырларды қамтиды. Мұндай екі ел үшін пайдалы ынтымақтастықты бағалаймыз», — деп қосты Тоқаев.
Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы басшыларының онлайн саммиті елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуы қарсаңында өтіп жатыр. Саммитке ҚХР басшысы Си Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркіменстан президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов қатысуда.