Депутаттар “Нұр Отаннан” шығып жатыр
Семейлік екі депутат “партия басшылығына сенімін жоғалту” себебінен партиядан кетуге өтініш білдірді. Экс-нұротандық Дулат Қажмұханбет пен Айдос Қисаменов басқарушы партияның әрекетсіздігінен көңілі қалғанын айтқан, деп хабарлайды malim.kz.
«Бұл шешім туралы ойлап жүргеніме біраз болды(…)Трагедиялық қаңтар оқиғасы басталып, аяқталғанға дейін біз бір рет те болған жайтты талқылаған жоқпыз. Депутаттық институтынан, осыншалық жауапты кезеңдегі партия филиалының әрекетсіздігінен қатты көңілім қалды, сайлаушылар артқан сенім ақталмады. Ескі шіріген іргетас үстінен жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес нәрсе!» – деді Қисаменов.
«Нұр Отан» партиясының бұрынғы депутаты Дулат Қажмұханбет те Facebook парақшасында дәл осы себептен көңілі қалғанын айтып, тіпті белсенді азаматтық ұстанымы үшін қоқан-лоққы көргенін мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, Nur Otan партиясының өңірлік жетекшілері болып есептелетін қала мен облыс басшылығына да ойлай білетін әрі тәуелсіз, жеке көзқарасы бар мәслихат депутаттары керек емес екеніне толық көзім жетті. Айтқан сөзді тыңдайтын, облыс әкімі Даниал Ахметовтың пәрменіне уақытылы қол көтеретіндер керек екен. Азаматтық белсенділік үшін қуғынға ұшыратып, құқық шектеп, қорқытып, ашық түрде (мені — ред.) партиядан шығарып тастауға тырысты», – дейді ол.