Абай қаласының тұрғыны «жүрегін» сөмкемен алып жүруге мәжбүр

0 512

Абай қаласының тұрғыны Константин Тихомиров қан айналымына көмектесетін құрылғыны сөмкемен алып жүруге мәжбүр. Өз жүрегі пневмония салдарынан әлсіреген. Жігіт қазір 25-те. 7 жылдан бері жүрегін алмастыруға арналған отаны күтіп жүр. Жақында Беларусь мамандары елдерінде донорлар банкы ауқымды екенін мәлімдеген. Алайда отаны төлейтін қаржыны шахтерлер отбас көтере алмаймыз дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Константин Тихомиров 18 жасында болғанда оған созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – диплатационды кардиомиопатия диагнозы қойылған. Жігіттің сөзінше, пневмония асқынып, жүрегіне әсер еткен. Қазір бірінші топтағы мүгедек. Өмір үшін күресуге оған жаңа технологиялар көмектеседі. Сөмкеде жасанды сол жақ жүрек қарыншасы салынған.

«Сол жақ қарынша кішірейгенде жүрек дүрсілін естиміз. Осы кезде ол қанды айдайды. Менде үлкен өлшемге созылғандықтан, қайтадан кішірейе алмайды. Сондықтан осындай насос орнатты. Жүрекке қан жиналады, алайда оны әрі қарай шығармайды. Ал насос жиналған қанды жіберіп отырады», — дейді Абай қаласының тұрғыны Константин Тихомиров.

Жігіттің донорлық жүректі күткеніне 7 жыл болған. Қазақстанда мұндай оталар тегін жасалады. Алайда елде донорлар саны аз дейді Константин. Жүректі беруге көбісі келісе бермейді екен.

«Мысалы, Германияда жыл сайын жүрек ауыстыру бойынша 200 ота жасалады. Ал бізде 2012 жылдан бері 50-60 ота ғана жасалған», — деп қосты Тихомиров.

Тихомировтер отбасы Беларуське барып, ота жасату үшін қаржы жинай аламыз деп үміттенеді. Донорлық банк үлкен болғандықтан, мамандар жаңа жүрек тауып беруге уәде берген. Алайда Тихомировтер 50 миллион теңгенің жоқ екенін айтады. Отбасында тек атасы мен әжесі ғана жұмыс істейді екен. Константиннің әйелі мен бес жасар ұлы қазақстандықтардан көмек сұрауда.

«Біз елімізде мейірімді адамдардың көп екеніне сенеміз. Олар бізге қаржылық тұрғыдан көмектесіп, жылы лебіздерін білдіруде. Мұндай адамдардың барына қуанамыз», — деді Анжелика Тихомирова.

Қазақстанда донорлық жүректің аздығы туралы бұрыннан айтылып келеді. Статистика бойынша, дүниеден өткен адам өз ағзаларын 7 науқас адамға қалдырып кете алады. Ал келісімді көзі тірісінде беруі қажет. Алайда қазақстандықтардың көбі бұған келісе бермейді. Нәтижесінде бауыр, жүрек, бүйрек, өкпе алмастыру отасын 3,5 мың адам күтуде. Константинге көмектескісі келетін жандар көрсетілген телефон нөміріне хабарласа алады.

+7 775 533 34 44

Leave A Reply

Your email address will not be published.