Мереке қарсаңында көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді
Наурыз мейрамы қарсаңында аудан әкімі Сәкен Арубаев ұрпағының санын арттырып, ел демографиясына үлес қосқан бір топ көпбалалы ананы арнайы қабылдап, оларға «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларын табыс етіп, сый-сияпаты мен гүл шоқтарын ұсынды. Аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін айтып, ағынан жарылды.
– Қай кезде де «ана» деген асыл ұғымды ардақтап өткен халықпыз. Анадан артық ешкім жоқ. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген қасиетті қағида қазақ ұлтының аналарға, жалпы әйелдер қауымына деген зор ілтипатын аңғартып тұрса керек. Алланың разылығы – ата-ананың разылығында.
Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер. Сіздердің еңбектеріңіз ерен. Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Балаларыңыздың қызығын көріңіздер, – деген Сәкен Қаланұлы ҚР Президентінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №531 Жарлығымен көпбалалы аналар – Айман Шайниязоваға «Алтын алқа», Марал Джилтирова, Ақерке Искакова, Тұрсынай Мұсаева, Нарсұлу Уразбаева, Айгүл Халилова, Қарлығаш Берікбосынова, Назира Сейдуалиева, Лаура Алтаеваларға «Күміс алқа» табыстады.
Мұнан соң сөз сөйлеген асалық көпбалалы ардақты әже Нарсұлу Жолдасбайқызы өздерін елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен өңір басшысына аналық алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Сансызбай Махамбетқұлов қатысып отырды.
Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы