45 жыл жол саласында еңбек еткен…

0 390

Еңбек майданының дүбірі негізінде КСРО дәуірінде қызғаны белгілі. Ол кезде кез келген салада жұмыс сапалы атқарылып, атқаратын жұмысқа да, жұмысшыға да ел зор құрметпен қарады. Кадр дайындауда үлкен буын ағалар бар білгенін үйрету арқылы жастарды нағыз маман ретінде дайындап отырды. Біз сөз еткелі отырған Самедбек Жұмаділдаев бүкіл саналы ғұмырының 45 жылға жуық уақытын жол құрылысы саласына арнаған майталман. Ол 1954 жылы Сарысу ауданы, Жайылма ауылында туып өскен. 1971 жылы Байқадам қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін облыс орталығындағы сол кездегі гидрпомелиоративтік- құрылыс институтына оқуға түсіп, оны 1977 жылы инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіріп шығады. Аталған жоғары оқу орнында 5 жыл білім нәрімен сусындағаннан кейін еңбек жолын өзінің туып өскен ауылында бастайды. 7 жыл Сарысу аудандық жол бөлімінде жол мастері, прораб, бас инженер, басшы болып қызмет етеді. Одан кейін тағы да жеті жыл «Жамбыл жолдары» акционерлік қоғамының Тараз қаласындағы филиалының вице президенті болып еңбек етті. 4 жыл Тараз қаласындағы «ДАК-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін абыроймен атқарып, одан кейін Астана қаласындағы «АДСТ-К» ЖШС бас директоры болып жұмыс істеді. 2008 жылы Тараз қалласына қайтадан келіп, екі жыл «Жамбыл-жол» ЖШС бас директорының орынбасары ретінде қызмет етті. Одан кейінгі үш жылын «Жол-Сапа» ЖШС-ы арқылы «Батыс Европа-батыс Қытай» автожолында Резидент-Инженердың ассистентгіне арнайды. Тағы да үш жыл «КарагандыҚаздорпроект» ЖШС-ның «Батыс Европа-батыс Қытай» автожолының Тараз қаласы айналма жолында авторлық қадағалау инженері ретінде жұмыс істейді. 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Сапаинжиниринг» ЖШС-ның құрылыс жұмыстарының техникалық сапасын қадағалау инженері ретінде жұмыс істеп жатыр. Ұзақ жылдан бері жол құрылысы саласында үзбей қызмет атқарып келе жатқан Самедбек Жұмаділдаұлы Жамбыл облысындағы жол құрылысы жұмыстарына, одан бөлек «Бурыл-Байтал- Сарыағаш», «Ақтөбе-Қарабұтақ-Қостанай», «Астана-Бурабай», «Астана- Қостанай», «Шонжы-Қолжат» автожолдарын қайта қалпына келтіру жүмыстарына қатысқан білікті маман. Алматы, Астана қалаларының көше құрылыстары мен «Өскемен-Шар» темір жолы құрылыстарына мекеме басшы ретінде белсене ат салысқан. «Батыс Европа-батыс Қытай» автожолының Жамбыл облысы аймағындағы құрылысына да қолтаңбасын қалдырған. Өзінен кейінгі ынтасы бар мамандарға бағыт-бағдар бере білген сыйлы ұстаз. Оның өмірдегі еткен еңбегі, жүріп өткен жолы кейінгі буын үшін қашанда үлгі. Біз кейіпкерімізден жол саласындағы қазіргі маман мен бұрынғы маманның айырмашылығын сұрағанымызда, ол екеуінің арасы жермен көктей екенін сөз етті.
– Біздің уақытымызда жол саласындағы мекемелерге кемінде он жыл еңбегі сіңген, тіпті ебек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, сатылап өскен адамды ғана басшы етіп қоятын. Қазір жолды жекеменшік компаниялар жөндейтін болғандықтан, оған жаңадан оқу бітіріп келген жас мамандар да басшы болып жатады. Ашып айтқанда, қазір аталған салада жолшы аз. Кадр тапшылығы да жоқ емес. Кадр тапшылығының туындауына жастардың оқуға түсерде жол құрылысы мамандығын таңдауға құлықсыз болуы себеп болуда. Тағы бір айта кетер жайт, бүгінде битумның сапасы да төмендеп кетті. Уақытында битум бізге тікелей Ресейден жеткізілсе, қазір ол Шымкент, Қостанай секілді кез келген қалада шығарылады. Кейбірінің сапасы сын көтермейді. Ал бұл жайт өз кезегінде жол құрылысының сапасы төмендеуіне әсер етеді. Дегенмен жолдың құрылысының сапасын анықтайтын мекемелердің ескертуі және техникалық қадағалаушылардың табандылығының арқасында олқылық ретке келтіріліп жатқаны бүгінгі күннің шындығы. Сонымен қатар жолдың қазіргі уақытта тақтайдай тегіс әрі берік болуына заманауи техникалар да үлкен үлес қосып жатыр. КСРО дәуірінде мұндай мүмкіндік жоқ еді, техникалар ескі болатын. Ол кездегі тас жол берік болғанымен, көліктің бүгінгідей жоғары жылдамдықпен зымырауына қабілетсіз болды. Осы тектес бұрынғы шаруа мен қазіргі істің арасында заманына қарай өз айырмашылығы бар, – деді Самедбек Жұмаділдаев.
С.Жұмаділдаев 2011 жылы ҚР « Құрметті жолшы» жоғарғы кәсіби атағының иеленіпті. 2013 жылы «Батыс Қытай-Батыс Европа құрылысына қатысушы» төс белгісімен марапатталған екен. ҚР Көлік және коммуникация министирлігі мен комитетінің түрлі алғыс хаттарын, Құрмет грамоталарын иеленген. Осы жылы кеудесіне «Еңбек ардагері» медлін тағыныпты. Өмірлік жары екеуі 3 бала тәрбиелеп, 6 немере сүйіп отыр. Самедбек Жұмаділдаев бүгінде адал еңбектің арқасында мұратына жеткен жан.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.