«Саналы TALKS» жобасы аясында жастармен кездесу өтті

0 274

«Достық үйінде» облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Саналы TALKS» жобасы аясында TEDx форматында «Жастардың тұлғалық және рухани дамуы» тақырыбында кездесу өтті.

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы «Саналы TALKS» жобасы аясында жастар арасында TEDx форматында түрлі тақырыптарда кездесу ұйымдастыруда. Жоба жыл басын бері өз жалғасын тауып келеді. Интеллектуалды жобаның негізгі мақсаты – бірегей идеяларды таратуға жол ашу, жастарды жан-жақты дамыту, түрлі сала бойынша жастардың сауаттылығын арттырып, қоғамға белсене араласуға бейімдеу.Талқыланатын тақырыптары әртүрлі: ғылым, білім, өнер, саясат, мәдениет, кәсіпкерлік, ғаламдық, технология және рухани тақырыптарда өздерінің идеяларымен бөліседі.

Іс-шара зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Жастардың тұлғалық және рухани дамуы» тақырыбында өтеді. Іс–шараның мақсаты жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беру, жастардың бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды дамыту, жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат патриот қалыптастыруға, тұлғаның саяси мәдениетін дамытуға ықпал ету.

Кездесуде Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Ұлттық Білім Академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті ұстазы Бөлеев Қалдыбек «Қазіргі жастарға ұлттық тәрбие берудің қажеттілігі», Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Абилов Меңдібай «Заман және жастар», Жамбыл жоғары медициналық колледжінің терапия пәнінің оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты Саурбаев Төленбек Қамбарбекұлы «Адалдық пен сенімділік», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары, тарих ғылымдарының магистрі Шайкиева Сандуғаш Асанқызы «Отансүйгіштік және руханият» және педагогика ғылымдарының магистрі Мырзахметова Макпал Төленқызы «Жеке тұлғаның құндылықтары және рухани дамыту» өз баяндамаларын жасады.

Кездесуге қатысушы С.Шайкиева: «Ұлттық және жалпыадамзаттық мүдде тұрғысынан жастардың белсендігінің қалыптасуында ұлттық менталитет, патриоттық сезімдермен қатар дүниеге қөзқарастық ұстанымдар мен діни сенімдердің де алатын орны ерекше. Сол себепті де, қазіргі кездегі жастардың ұлттық мәдениеттегі үлесі орасан. Себебі ұлт болашағы, қазақ халқының дәстүрінің жалғасы осы жастардың бойындағы ұлттық сана-сезім мен дүниетанымына тікелей тәуелді. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан мектептерде, кәсіби білім беру саласында және жоғары оқу орындарында ұлттық-рухани құндылықтарымызды көбірек жастарға жеткізіп, зиянды ағымдар мен теріс пиғылды ұйымдардан сақтандырған дұрыс. Қазақстан елі үшін өзінің әлеуметтік өміріндегі рухани-моральдық құндылықтарын сақтап, жаңғыртып күшейту мәселесі әлемдік жаппай жаһандану заманында өз бет-бейнесін, ішкі әлеуеті мен қайталанбас ұлттық болмысын еш нұқсансыз әрі дамыған күйде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру мақсатында басымдылық алуы тиіс», — деп өз ойымен бөлісті.

Қорыта айтқанда, озық жетістіктерге негізделген білім нәрімен қатар, ұлттық тәрбие құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ұлт тағдырын тереңінен таразылап, болашағын болжай білетін тұлға ретінде қалыптастырары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.