Жуалының дәрігерлері екпе салдыруда
Халықты КВИ-ге қарсы жаппай вакциналау мақсатында ауданға 400 доза вакцина жеткізіліп, дәрігерлер мен мұғалімдерге ерікті түрде салынуда.
Алғашқы күні 110 адамға егілді. Екпе алғандардың 13-і мұғалімдер, қалғаны медицина қызметкерлері.
Жалпы вакцинациялау барысы мен екпе алушылардың вакцинациялаудан кейінгі жағдайы иммунолог және эпидемиолог дәрігерлер мен жансақтау бөлімінің мамандарының бақылауында. Олар екпе алуға келушілермен егілер алдында және одан кейін түсініктеме жұмысын жүргізіп, әрқайсысының денсаулығына, көңіл-күйіне жете мән беруде.
Екпе алғандар жарты сағат бойына тынығуға арналған бөлмеде болады.
Екінші күні КВИ-ге қарсы вакцина алғандардың қатарында аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева, орынбасары Нұрбай Ергебеков пен ота хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалды Байрамов бар.
– Вакцина салғаннан кейінгі жағдайымыз қанағаттанарлық, ешқандай ауырсыну белгілері байқалған жоқ, өзімізді жақсы сезінеміз. Тұрғындардың өздері мен жақындарының саулығының кепілі вакцинада екенін ескеріп, вакцинациялаудан негізсіз себептермен бас тартпауға шақырамын, — дейді Айгүл Айтбаева.