7 мыңға жуық тұрғын ауызсу азабынан құтылады

0 231

Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылдық округінде бауын тапса, байламын таппай келе жатқан жұмыстар баршылық. Бұл орайда Кеңес үкіметі тұсында жүргізілген ауызсу құбырының әбден тозығы жеткенін, әлем, азия чемпиондары шыққан ауылға дене шынықтырумен айналысатын нысанның қажет екенін айта кетуге болады. Сондай-ақ, ауылда спорт кешенінің жоқтығы да бұқаралық спорттың дамуына жол бермей келеді.

Бүгінде округтегі Бесағаш пен Түрксіб ауылдарындағы 1480 аулада 6822 адам тұрады. Ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы ескеріліп, ұзындығы 44, ені 22 метрді құрайтын кіші футбол алаңына аудандық бюджеттен 11 млн теңге қаржы қаралып, нысан жуырда ел игілігіне берілсе, «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Қадіржан Дөненбаев дәл осындай алаңның құрылысын биыл аяқтауға ниеттеніп отыр.

Ал, әмбебап залы бар спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, құны 480 млн теңгені құрайтын бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының құрылысын жүргізу үшін облыс әкімдігіне өтінім берілген. Қолдау тапқан жағдайда жұмыс келер жылы басталады деп күтілуде.

Сапалы ауызсу жүйесі бойынша ауылішілік көшелер қазылып, игілікті іс баста­лып кеткен. Бұл туралы округ әкімі Бейбіт Нигматуллаев: «Ауыл­да тұрғындардың қажетін өтеу үшін жасалып жатқан жұмыстар баршылық. Ұзындығы 74 шақы­рымды құрайтын ауызсу жүйесіне республикалық бюд­жеттен 1,4 млрд теңге қаржы қаралған. Жұмысты «Көлсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Келер жылы ауыл азаматтары таза ауыз­су­ды тұтынатын болады», – дейді.

Ауыл-аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылық оң бағасын беріп отыр.

– Құдықтан су пісіп ішіп келе жатқалы қашан. Оның үстіне жерасты суының сапасы да төмен. Бүгінде мемлекетіміз ауылдарға қарайласып жатқанын аңғаруға болады. Әсіресе, басшыларға айтқан ұсыныс-тілектер сол жерде қалып кетпей, жүзеге асып жатқаны қарашаның билікке деген сенімін нығайта түседі екен. Тезірек сапалы ауызсудың рақатын көруге асықпыз, – дейді бесағаштық Асланби Керімжан.

Осындай игіліктерді көргеннен кейін ойға «Сөзден – іске!» қағидасы оралады екен. Бастысы, халыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін қолға алынған жұмыстар жалғасып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.