Инженерлік инфрақұрылымның игілігін көреді
Кейде дана қазақтың «Бір жол бар алыс, алыс болса да жақын, бір жол бар жақын, жақын болса да алыс» деген сөзі көзге көрінген жерге ет пісірім уақытта жеткенде еріксіз ойға оралады екен. Бұл тәмсілді Жамбыл ауданының орталығынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Сеңгірбай ауылының тұрғындары жақсы біледі. Бар болғаны 15 ауласы бар ауыл, ауыл болып қалыптасқалы Шайдана елді мекенімен байланыстыратын жолдың қиындығын көріп келеді. Тегісінен шұңқыры көп жол арқылы оқушыларды Қ.Сартбаев атындағы орта мектепке тасымалдайтын жүргізушілер көліктің қозғалтқыш бөлшектері жиі істен шығатынын жоққа шығармайды. Алажаздай шаңы көтеріліп, қыс мезгілінде саңылаулары үлкейетін жол темір тұлпарды тізгіндегеннің берекесін қашырғалы қашан. Дегенмен, бұл көрініс өткеннің күнделігінде қалып отыр. Иә, ауылға барар жол тақтайдай тегістеліп, жол жабындысы төселді.
Шалғай ауылға арнайы барған аудан әкімі Сәкен Арубаев 3,5 шақырымға төселген асфальттың сапасын көріп, ауылдың байырғы азаматы Ерғазы Алжановпен жолықты. Ауыл азаматтарының көптен бергі сұранысын жеткізіп, кездесулерде жол мәселесін көтеріп жүрген тұрғын өңір басшысына алғысын білдірді.
– Бүгінгі ауылдықтардың қуанышында шек жоқ. Ауылға 40 жылдан кейін асфальт төселіп отыр. Таныстарымыз «айдалаға отау тіктеген ауылда асфальт қайдан болсын» деп үмітімізге күмәнмен қараушы еді. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолдың қарекетіне кіріскенде, телефонға түсіріп алып жібердім. Енді жұртшылық көліктерін жаңа маркаға айырбастауды ойлап жүр. Алдыңызға осы жағдайды көтеріп барғанда ағымдағы жылы шешімін табуға күш салатыныңызды жеткізіп, бүгінде сол уәдеңіздің орындалғанына ризашылығымды білдіремін, – дейді ауыл жанашыры.
Өз кезегінде сөз алған Сәкен Қаланұлы бұл жұмыстар ел игілігі жолында жасалып жатқанын, жұртшылықтың қуанышына ортақ екенін айтты.
Жалпы өңірдегі жол жөндеу жұмыстары туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтың айтуынша, биыл 10 ауылдың 26 ауылішілік көшелері және аудандық мәндегі 5 жолға асфальт төселеді.