«Достық Кубогы» сарапқа салынды

0 265

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында, жас журналистер арасында салауатты өмір салтын және достық қарым — қатынасты қалыптастыру мақсатында, шағын футболдан «Достық Кубогы» үшін облыстық турнир ұйымдастырылған болатын.
Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы саябақта өткен турнирге аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы мен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйытқы болды.
Алдымен сап түзеген командалар ретімен таныстырылған соң, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова мен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров құттықтау сөз сөйледі.
Салтанат Бәйтеліқызы «Дені сау ұлт – бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан, спорттың бұқаралық сипатын дамыту мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Өңіріміздегі спортшыларды, олардың жетістіктерін баспасөз беттерінде, теледидарда үздіксіз насихаттап жүрген облысымыздың журналистері бүгін шағын футболдан «Достық Кубогы» үшін ұйымдастырылған облыстық турнирге жиналып отыр»,- дей келе, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Мамадияров журналистер қауымы, өз саласының майталмандары ғана емес, спорт саласында да қарулы екендіктерін танытып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол өз сөзінде осындай спорттық іс-шаралардың тек тілшілер арасында ғана емес, өзге де мамандық иелерінің ішінде өткізілуі қажеттігін айтып, мұндай жиындар әріптестік қарым-қатынасты арттыра түсетінін тілге тиек етті.
Мемлекеттік Гимн орындалып, кіші футбол турнирінің Ережесі және төрешілер алқасы таныстырылды. Тартысқа толы турнир нәтижесінде тараздық жас журналистерден құралған «Тараз пресс» командасы бірінші орыннан көрінді. Ал, жүлделі екінші орынға «Жастар ресурстық орталығы» құрамасы табан тіресе, үздік үштікті «Жасыл ел» құрамасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер турнир ұйымдастырушылары тағайындаған Кубок, медальдар және Дипломдармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.