Жыл басынан бері 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды
Жамбыл облысында тоғыз айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық салаларында оң динамика сақталды. Есепті кезеңде өңірдегі экономикалық өсім 4,6 пайызды құрап отыр. Бұл туралы мәслихат депутаттары алдында есеп берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атап өтті.
Жыл басынан бері 480,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 11 пайызға өссе, 267 млрд. теңге инвестиция тартылып, 11 пайызға ұлғайды.
— 2025 жылға дейін 2,5 трлн.теңгені құрайтын 107 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Биыл 171 млрд. теңгеге 31 жоба жоспарланып, жалпы 78,2 млрд. теңгенің 13 жобасы іске асты. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 175 жоба 56 миллиард теңгеге несиелендірілді. Жергілікті қамту үлесі өнеркәсіптің 8 бағыты бойынша 51,1 пайызды, құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша 86,4 пайызды құрады,-деді Б. Сапарбаев.
Аймақ басшысы кәсіпкерлерге шағын несие беру үшін жалпы 8,1 млрд.теңге қаралып, оның 7,9 млрд. теңгесі игерілгенін тілге тиек етті.
— Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 19,4 млрд. теңге субсидия қаралып, 13,7 млрд.теңгесі игерілді. 2025 жылға дейін 350,4 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Егістік көлемі 752 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30,3 мың гектарға артты. Соңғы үш жылда 59,1 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріліп, су үнемдеу технологиясы 40 мың гектарға енгізілді. Мал азығын дайындау жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жоспардағы 1,7 млн.тонна мал азығы толықтай дайындалды, — деді Бердібек Машбекұлы.
Облыста 4482 пәтерлі 76 тұрғын үй құрылысы жүруде, жыл соңына дейін 2902 пәтерлі 50 үй тапсырылады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 3,6 шақырым жол салынып, 440,7 шақырым жолға орта жөндеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесі 95 пайызға жететін болады. 12 ауылдық елді мекенге су құбыры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайызға дейін артады. 20 елді мекен табиғи газбен қамтылып, 83,8 пайызға жетеді.
Барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар аясында 27,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 14,8 мыңы – тұрақты. Ағымдағы жылдың 8 айында облыстағы орташа жалақы 25,8 пайызға (203,8 мың теңге) артты.
Жамбыл облысында бюджеттен тыс қаржыға жобаларды жүзеге асыру игі үрдіске айналған. «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 2,8 млрд. теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асып жатыр.
«Асарлатып үй салу» жобасымен былтыр 103 мұқтаж отбасы ауылдастарының көмегімен баспаналы болса, биыл тағы 138 үйдің құрылысы басталып, 38-і пайдалануға берілді. «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығындағы 42 нысанда абаттандыру жұмыстары қолға алынып, 37-сі аяқталды. Сонымен қатар, «ARAI» емханасы жұмысын бастады.