Жалпақ жұрттың-жаз атасы

0 385

Мойынқұмдай ұлан-ғайыр паң даланың төсіне ақтылы қой өргізіп, табиғаттың өзінен дәріс алып, қағаз бен қаламға жүгінбей-ақ, қысқа да нұсқалы сөздердің иесі атанған, қос жұлдызды Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

Кеңес үкіметі кезінде туған елін, Одаққа, шет-елдерге де танытқан, сол жолда ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ата даңқы, бүгінгі күні асқақтамаса кеміген жоқ.

Кеше Мойынқұм ауданында атақ-абыройы бүкіл одаққа жеткен, қой өсірудің даңқты шебері Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. Бұл бір ғана Жаз-атаның тойы емес, берісі облысымызға, арысы бүкіл республикаға, барша шопандар қауымына ортақ дүбірлі той болды. Өйткені мұнда Дала академигінің ұзақ өмір, ерлік еңбек жолдары ғана әңгімеленіп қоймады, сонымен қатар Жаз-атаның ізбасарларының, оның атындағы озат тәжірибе мектептерінің игі жұмыстары, сол замандағы кең өріс алған Жазылбекшілер қозғалысының барысы да айтылды. Сонау Әулиеата жерінен бастау алған мерейтой Т.Рысқұлов ауданы мен Мойынқұм өңірінде жалғасын тапты.
Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібай, аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, ауданның Құрметті азаматтары бастаған Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келген зиялы қауым өкілдері «Жаз – ата» саябағына жиналып, Жаз-ата ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды. Онда «Өлі разы болмай тірі байымайды» дегендей жиналған қауым ата рухына бағыштаған құранға қол жайды. Бұдан кейін аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы мұражайда болып, онда мұражай қызметкері Мадина Қорғанбекова атаның өмір жолымен қолданған заттарымен таныстырды. Содан соң олар аудандық Мәдениет үйінің кең фойесінде орналасқан «Ж.Жабаевқа – 175 жыл», «Ж.Қуанышбаевақа-125 жыл», «Қ.Рысқұлбековке -55 жыл» атты кітап көрмелерімен және ауданымыздағы мектептер мен балабақша ұжымдары дайындаған қол өнер және сурет көрмелерін тамашалады. Әсіресе, жиналған қонақтарды екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевқа арналған көрме қызықтыра түсті. Даңғайыр диқаншы атындағы күріш өсіру тарихи мұражайының директоры Құттықыз Шайыққызы «Сырдың елі-жырдың елі, оның ішінде киелі Шиелі ауданынан келіп тұрмыз, диқан атамыздың соңғы ұстаған кеппені мен қол орағын Ж.Қуанышбаев атындағы мұражайға сыйға тартамыз. Басқа да сый кәделер әкелдік» деп, Ыбырай атаның жадағай шапаны мен қолданған құралдарын, көрмеге қойылған суреттері жөнінде әңгіме өрбітті.
Көрермен залынан орын алған жиналған көпшілік «Жалпақ жұрттың-Жаз атасы» атты салтанатты жиынның қадірлі қонағы болды.
Салтанатты жиынды ашқан Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Кәрібек Дәулет Жамаубайұлы құттықтау сөзін сөйледі. «Мойынқұм елінде болашақ үшін еселі еңбек еткен дара да дана тұлғалар аз емес. Сондай жандардың бірі әрі бірегейі – бүгінгі 125 жылдық мерейтойы өтіп жатқан атақты жерлесіміз, даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевты ұлықтау біздің парызымыз, -дей келе, Жаз-атаның феодализм заманында дүниеге келіп, социалистік заманда еңбек етіп, яғни нарық заманына бет бұрғанда аңызға айналғанын әңгімеледі. Бұдан кейін аудан әкімі Әлихан Балқыбеков жиналған қауымды Жаз-атаның 125 жылдық мерейтойымен құттықтады.
-Биыл мойынқұмдықтар үшін ерекше есте қаларлықтай жыл. Себебі, еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуымен қатар даңқты жерлесіміз, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Малшылардың маршалы», «Дала академигі» атанған шопан ата Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Мойынқұм халқына бұл екі атаулы күн де үлкен той десек артық айтқандық емес.
Кезінде шалғайда жатқан алып ауданымыздың атақ-даңқын алысқа шығарған Жаз-атамыз, шын мәнінде еңбекті сүйген, оған етене жақын жан еді. Адам өмірінің мәні мен мағынасы артында өшпестей із қалдыру десек, Жазылбек Қуанышбаев дәл осындай биіктен табыла білген ардақты азамат болатын. Жазекеңнің еңбек және өмір жолына көз салсақ бұған көзіміз анық жетеді. Ол қазақ халқын бұрынғы Одақ көлеміне ғана емес, тіпті шет елдерге де паш етті. Еңбегімен ел дәулетін өсіріп, өрісті де өркенді ісімен жұлдыздай жарқырай көрінді. Жазылбек Қуанышбаев шын мәнінде қой өсірудің асқан шебері еді. Малшылық кәсібіндегі табыс-жетістігімен ел экономикасының артуына қомақты үлесін қосты.
Жазылбек атамыз қазіргі Мойынқұм ауданы, Жамбыл ауылында 1896 жылы 29 наурызда дүниеге келген. Ата-анасынан жастай қалып, жетімдік зардабын көп көрген. Мойынқұм өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдастырылған «Кеңес» ауыл шаруашылық артеліне мүшелікке кіріп, малшы болып еңбек етеді. Мойынқұмда қаракөл қойын өсіру қолға алынса, оның бастауында нақ осы Жазекең тұрған еді. Жазата мал шаруашылығы ғана емес облыс орталығынан шалғайда жаңадан құрылған ауданның өсіп-өркендеуіне, сәулетті құрылыстар, жолдар салынып, егін суы, ауыз суының тартылуына да көп үлес қосты.Жаңадан «Жасұлан» совхозының ашылуы, ауданнан Алматы, Тараз қалаларына «ЯК-40» ұшағының ұшуы, ең шеткі Ұланбел ауылына Алматы қаласынан «Икарус» автобусының күнделікті қатынауында да Жазатаның еңбегі зор. Міне қарапайым малшының,еңбек адамының шыққан биігі осындай.1963 жылы зейнеткерлікке шықсада қол қусырып қарап отыра алмады.Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қой шаруашылығы жөніндегі қоғамдық инспекторлығы міндетін де абыроймен атқарды. Жазылбекшілер мектебін ашып, жастарды мал бағуға тәрбиеледі.
Жаз – атамыздың Бірлік ауылында қола бюсті,аудан орталығында алыстан көзтартар еңселі ескерткіші бар. Ол кісінің есімі ауылдардағы көшелерге, аудандық музейге берілген. Ата туралы бірнеше кітаптар шығарылып, телефильм түсірілді.
Жаз-атаның мерейтойына байланысты биыл «Жаз- ата» саябағына, Ж.Қуанышбаев атындағы музейге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаз ата саябағының Кіре беріс қақпасы, Жазата ескерткішінің тұғыртасы өңделіп, маңайына алқызыл гүлдер егілді. Саябақ алдындағы көше қапталы кеңейтіліп, жарықтар орнатылды, жаңа орындықтар қойылды. Сондай-ақ аудан орталығындағы орталық алаңға да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үлкен сахна орнатылып, ауданның Құрметті азаматтары тақтасы, Жастар арбаты соғылды.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген өсиет сөз бар. Ендеше бүгін Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойын атап өтуімізге бастама көтерген аудан ардагерлеріне және оған қолдау көрсеткен аудан халқына шынайы ризашылығымды білдіремін. Егер еліміздегі індет жағдайы болмағанда әрине бұл мерейтой үлкен серпінмен аталып өтері сөзсіз еді.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген терең ойлы мақалдың айғағы болып отырған Жазылбек Қуанышбаевтың бүгінгі 125 жылдық мерейтойы құтты болсын. Біз Жаз атадай тұлғаның Мойынқұм жерінде туғанын мақтан етеміз!
Баршаңызға мықты денсаулық, қуаныш пен береке тілеймін! Ауданымыз өркендеп, көркейе берсін-деді, аудан басшысы Әлихан Әбләшұлы өз сөзінде. Бұдан кейін мерейтойға арнайы жасалынған естелік медальдармен бірқатар азаматтар марапатталды. Олардың қатарында «Қазақтың қара шалы» деректі фильмнің авторы, режиссеры Доғдырхан Тұрлыбек, «Домалақ ана» қорының төрағасы Жазылбек Бәйдібек, ауданның Құрметті азаматы, Биназар батыр қорының төрағасы Сағат Алдабергенов, еңбек ардагері, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жахаев, Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайыл, ҚР Еңбегі сіңірген қайраткері, әнші-сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Әлмырза Ноғайбаев, «Алтын дән-Шиелі» ШҚ төрағасы, Шиелі аудандық мәслихатының депутаты – Асқар Бердібаев, Жаз – атаның ұлдары Бейбіт Қуанышбаев, Қойшыбай, Тойшыбай Жазылбектер, ауданның Құрметті азаматы Мақсат Сейдалиев, Жамбыл теле каналының директоры Мейіржан Жиенәлі, жазушы Қуандық Түменбай, ауданның Құрметті азаматы Асылхан Шүңіреков, Түркістан облысы, ауылшаруашылық кредиттік серіктестіктің төрағасы Жазылбек Әбілдебек медальдармен марапатталды. Бұдан басқа да бірқатар қонақтар мен ауданның Құрметті азаматтарына медальдар табыс етілді.
Жиын барысында Шиелі ауданынан ат терлетіп келген, Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы Тұрмағамбет Жағыпбаров құттықтау сөз сөйлеп, «Сыр бойы тарихы, оның ішінде Шиелі жері қай жағынан болса да жұрт назарын аударатын, тарихы тереңде жатқан өлке. Шиелі өңірі-ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысынан орын тепкен киелі мекен. Шығысында алты алашқа белгілі, Сығанақ, Бестам шаһары, теріскейінде Оңтүстік өңірге етене жатқан қарт Қаратау жатыр. Одан әрі Арқадан бастау алып, Шиелі жеріне келіп тірелетін Сарысу өзені, «Таңбалы тас» тұр. Батысы облыс орталығының шекарасынан иек артқан, түстігінде байырғы сары жел өлке-Қызылқұм. Бұл жерде төл тарихымыздың алтын тармағы саналған, аттары аңызға айналған жеті әулие осы қасиетті топырақтан мәңгілік мекендерін тапқан. Шиелі ауданында дүниеге келіп, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан, ұлт мүддесі үшін еңбек еткен көптеген тау тұлғалы азаматтар бар. Бұл өңірден екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ерінің шығуы – бұл өлкенің киелігін білдірсе керек.
Қазақ қашаннан төрт-түлік малды береке мен байлықтың басы санап, оның игілігін көрген. Маңғаз жатқан маң дала-Мойынқұмда да ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, оны тікелей тірлік-тіршіліктің тиімді көзіне айналдыра білген. Иә, «Мал-елге құт» деген сөз бар дана халқымызда. Оның шындығына осы өркені өскен өңірде өмір сүріп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі істері дәйекті дәлел бола алады. Бұл ретте алдымен ауызға алатынымыз-қазақтың қасиет қонған азаматтарының бірі, екі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаев. Иә, кәдімгі жайдары мінезді, жарқын жүзді Жаз-ата атанған, «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп есептелген Жаз-ата. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, жерлестерінің ғана емес, баршақазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қашанда, қай жерде болсын Мойынқұм десе алғашқы сәтте Жазекеңнің есімі еске түсетіні де сондықтан. Осы орайда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан мерекелік шараға шақырғандарыңызға Шиелі жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін»-деді. Алматы облысынан келген Сайлаубай ауданның құрметті азаматы Мақсат Сейдалиев жианлған көпшілікті Жаз-атаның мерейтойымен құттықтады.
Жаз-атаның немересі, Жамбыл обыстық филармониясының әншісі Құрмаш Қуанышбаев, «Жазылбекшілер маршы», «Жамбылым әнін», Шиелі ауданының бас ақыны Жүсіп Кенжебай Жаз-атаның 125 жылдығына арнау әнін айтса, «Тараз» триосы «Жүрегім жаралған ба, Мойынқұмнан», «Көк шолақ» әндерін, Бағдәулет Бейсенбаев, «Мойынқұм» триосы қазақтың киелі домбырасымен «Біз сені сағындық қой Батыр ата», «Мойынқұм-туған жер», «Мойынқұмда» әндерін әуелете шырқады. Шиелі ауданынан келген қонақтар Ә.Ноғайбааев, Ә.Тәшімов, Н.Ақтаев, М.бекпейсовтар «Күләнда», «Айнамау», «Әлқисса» әндерін ұлттық аспапта шарықтата шырқады. Жиын барысында «Қазақстан қара шалы» фильмі көрермен назарына ұсынылды.

Жиналған қонақтар «Мойынқұм» мейрамханасында берілген асқа жиналды.
Түс қайта аудандық № 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерей тойына арналған ұлттық спорт түрлерінен спартакиада болып өтті. Онда асық ату, арқан тарту, қой көтеру сынды спорт түрлерінен қатысушылар өзара бақ сынасты. Жалпы асық ату, арқан тарту ойындарына 8 команда, қой көтеруге 18 қатысушы қатысты.Нәтижесінде арқан тартудан Қылышбай ауылы 1-орын,Күшаман ауылы 2-орын, Жамбыл ауылы 3 орынды иеленді. Ал қой көтеруден Жамбыл ауылының плауаны М.Сабырхан 1-орын, Күшаман ауылының палуаны Д.Сазанбай 2-орын алса, Көкжелек ауылының палуаны Е.Төреқұлов 3-орында қанағат тұтты. Асық атудан командалық есеппен Күшаман ауылы 1 орын, Қылышбай ауылы 2 орын, Биназар ауылы 3 орын иеленді.Сондай-ақ 2007-2008 жылдар аралығындағы жас өспірімдер арасында кіші футболдан облыстық турнир өтті. Оған облыс бойынша 9 команда қатысты. Нәтижесінде 1- орынды Қордай ауданы иеленсе. 2-орынды Жамбыл ауылы, 3 орынды Мойынқұм ауылы иеленді. Ал Жаз-Ата 125 жылдығына арналған қазақ күресінен республикалық турниріне іріктеу жалғасуда.
Мойынқұм жері ұлан-байтақ. Осынау құлазыған құм өңірін иегеріп, оның қойны қонышын малға толтыру, әрине, оңай емес. Міне, сол қиындықтарды қажырлы еңбекпен жене отырып, бергенінен берері көп болған Жаз дидарлы Жаз-атаның ерлік істерін қалай дәріптесек те жарасымды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.