15 жамбылдық өрен «Елбасы медалін» иеленді

0 393

Жоғары оқу орнына аяқ басқан талапкерлерге көптеген талаптар қойылады: жасы, тіркелуі, аттестаттың болуы, мотивация деңгейі, жеке қасиеттері және тағы басқалары. Ал «Елбасы медалі» жобасы – жаңа білім алу үшін барлық шекаралар мен кедергілерді жоятын еліміздегі алғашқы бағдарлама. Өткен жылы алғаш шымылдығын көтерген бастама 11 мыңнан астам қатысушыны, 600 тәлімгерді, 17 өңірлік үйлестірушілер мен сарапшыларды қамтыды. Әлеуетті қатысушылардың қайда тұратыны – қалада немесе ауылда, аттестатта оқу үлгерімі қалай бағаланған, қандай оқу немесе жұмыс өтілі бар екендігі маңызды емес. Ең бастысы, «Елбасы Медалі» жастарға өзге тараптардан көмек күтпей, өз болашағын өздеріне құруға мүмкіндік береді. Жоба бағдарламасынан өту барысында қатысушылар өз дағдылары мен дарындарын шыңдайды, ұлттық мәдени мұрамен танысады, болашағына сенімді тұлға ретінде қалыптасады. Яғни, олардың өз әлеуетін толық көлемде іске асыруға мүмкіндіктері еселенеді. «Елбасы медалі» жобасына қосылғаннан кейін талапкер келешегіне инвестиция салуды бастайды. Жобаға қатысуға ниет білдірген әрбір жас кітап оқу арқылы ой-өрісін кеңейту, қоршаған ортаны зерттеу және қорғау, балаларға немесе қарт адамдарға ерікті ретінде көмек көрсетіп, өзін дамыту жолында ең маңызды құндылықтарға ие болады.
«Елбасы медалінің» иегерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен баллдары тең болған жағдайда білім беру грантын алуға, сондай-ақ жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша студенттер құрамына қабылдануға басымдыққа ие. Бұл 14-29 жас аралығындағы жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Ол 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Әрбір қатысушыға бекітілген тілімгерлер, іс-шара жоспарының орындалуына назар аударады. Бағдарлама барысында қатысушы бейнесабақтар алады, тапсырмаларды орындайды және прогресті бақылауға көмектесетін өзінің жеке күнделігін жүргізеді.

2020-2021 оқу жылы аталмыш бағдарламаға Жамбыл ауданынан 41 үміткер қатысқан болса, күні кеше «Елбасы медалі» жобасының алғашқы қола медалі иегерлері анықталды. Тізімді Жамбыл ауданының өрендері бастап тұр. Атап айтар болсақ, Айгерім Орынбасар, Жанель Асқар, Аяжан Файзула, Камила Сұран, Гүлназ Көшкінбай, Мөлдір Тоқтасын, Дариға Алибек, Гүлден Өтеулі (Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы), Дарина Майорова, Ислам Каримов, Нурсаид Абдуллаев (В.Чкалов атындағы орта мектеп, Гүлназ Оңайбай, Айгерім Ниятулла (№2 орта мектеп), Айбибі Сарықбаева, Тоғжан Керімбек (Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі) облыстық «Дарын» орталығында салтанатты түрде марапатталып, «Елбасы медалін» иеленді. Біз Жамбыл облысы білім басқармасының Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова сөзге тартқанымызда, ол:
– Жеңістік жолы ауыр болғанымен, дәмі тәтті. Бүгін Жамбылдық оқушылар топ жарып, «Елбасы медалінің» иегері атанды. Барлық педагогтардың, соның ішінде өзімнің де қуанышым қойныма сыймай отыр, –деп қуанышымен бөлісен

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.