Әлеуметтік қолдау әлсіремейді

0 196

Өткен жылы Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылғаны мәлім. Бір жылға жуық жұмыс істеп жатқан орталықты пана тұтқандар кім? Оларға қандай көмек көрсетіледі? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз мекемеге арнайы барып, орталық қызметкерлері және ондағы әйелдермен тілдесіп көрдік.
Шынаркүл Саурбайқызы, орталық директоры:
«Зардап шеккендерге мұнда құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Орталық ашылғалы бері барлығы 70 азаматқа (оның ішінде 47-сі бала 23-і әйел) көмек берілді. 15 орындық мекемеде әйелдер мен балаларға барлық жағдай жасалған. Жеке жатын бөлмелер, 3 мезгіл ыстық тамақ, киім-кешек, дәрі-дәрмек, т.б. Бір қуантарлығы, соңғы уақытта демеушілер тарапынан да қолдау көрсетілуде. Мұнда келген әйелдер орталықта 6 айға дейін тұра алады. Осы уақыт аралығында біз оларға жұмыс тауып беріп, балаларын балабақшаға, мектепке орналастырамыз. Мәселен, қазіргі таңда 6 әйелдің жұмысы бар. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің ешкімге тәуелді болмай, аяққа тұрып кетуіне жағдай жасаймыз. Келіншектердің арасында жолдасымен татуласып, отбасына қайтып баратындары да кездеседі . Мысалы, биыл 4 әйел, 12 бала отбасына оралды. Оларды жібермес бұрын психолог ерлі-зайыптылармен арнайы сұхбат жүргізеді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Әрине әр баланың әке-шешесінің қасында өскені дұрыс».

Гүлжан, 33 жаста. (Есімі өзгертілді)
«6 баланың анасымын. Күйеуім ішіп келіп, қол жұмсайтын. Мені ғана емес, балаларымды да ұратын. Аяғым ауыр кезде де қол көтеріп, ми жарақатымен ауруханаға түстім. Мұндай озбырлықтан әбден қажып, осы орталыққа келдім. Мұндағы қызметкерлерге, орталық басшысына рахмет. Балаларымды тегін балабақшаға, мектепке орналастырды. Мектеп формасы, барлық керек-жарақтарды алып берді. Өзім бос отырмайын деп аспаздың оқуын оқып жатырмын… Жақында жолдасым қайтыс болды».
Орталық басшысы бүгінгі таңда қайырымдылық қорларымен сөйлесіп, көп балалы жалғызбасты анаға үй алып берудің жолдарын қарастырып жатқандарын жеткізді.

Өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдермен жұмыс істейтін аудандық полиция бөлімі ӘЗЗҚТ инспекторларының мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 айында аудан аумағында отбасылық тұрғыда 1 қылмыс орын алған. (өткен жылмен салыстырғанда 2 дерекке төмендеген) Сондай-ақ, аудан бойынша жыл басынан бері отбасылық тұрғыда 148 қорғау нұсқамасы шығарылып, 80 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен, біз тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жан-жақты қамтуға тырыстық. Біз сұхбаттасқан мамандар отбасылық қатыгездікті тек сол отбасы мүшелерінің жеке ісі ретінде қарамай, оған қоғамның назарын белсенді аудару қажет деген пікірде. Аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері де отбасылық қылмыстар мен құқық-бұзушылықтардың алдын алу мен ескерту жұмыстары әрдайым аудандық полиция бөлімшесінің бақылауында екендігін баса айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.