Жаңа техника – жаңа мүмкіндік

0 190

Өткен жылдан бері облысымызда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жаңа техникалар беріле бастады. Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы мол өнім алу үшін диқандар сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен әрі қажетті техникалармен қамтамасыз ету маңызды екенін айтып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеуде.

Бүгінгі таңда өңір басшысының тапсырмасына сай облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы кешенді жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларының саны азайып, диқандар соңғы үлгідегі, мүмкіндігі мол техникалармен қамтамасыз етілуде. Игі іс ағымдағы жылы да жалғасын тауып, күні кеше жаңа техникалардың кілті табыс етілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, осы бағыттағы жұмыстардың қарқынын алдағы уақытта да арттыра беру керек екенін баса айтты.

Сондай-ақ жиында «АгромашХолдинг KZ»акционерлік қоғамының вице-президенті Мейрамбек Сандыбеков сөз алып, қолдау білдіргені үшін облыс әкімдігіне риясыз алғысын білдірді. Ал «Төлебаев» шаруа қожалығының төрағасы Арқабек Төлебаев жаңа техникалар үлкен мүмкіндіктер сыйлайтынын айтты.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, «TRADE-IN» бағдарламасы аясында жамбылдық шаруаларға судай жаңа он үш дана ауыл шаруашылығы техникасы берілген. Жалпы он екі техника аталған бағдарлама шеңберінде 6 пайызбен бес жылға несиеге беріліпті. Ал бір техника жылдық жарнасы 6 пайызбен Жуалы ауданындағы жаңадан құрылған «Жуалы – 2020» ауыл шаруашылығы кооперативіне лизингке берілген.

Өткен жылы баянды бағдарлама арқылы 22 ауыл шаруашылығы техникасы беріліпті. Қайрат Тілеубайұлының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылы 1 054 дана ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 8,6 пайызға жаңартылған. Жоспар бойынша 10 пайызға жаңартылу керек.

Сонымен қатар орман шаруашылығы мекемелеріне де жаңа техникалардың кілті табысталды. Ағымдағы жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 217 миллион теңге бөлініп, 7 автокөлік, 9 дана трактор тіркемесі, оған қажетті 9 дана соқа, 10 МТЗ-952 тракторы, 3 дана стационарлық рация және 17 дана көшет отырғызу машиналары, 10 дана тұқым сепкіш, 5 дана көшет қопсыту агрегаттары алынған.

Бүгінгі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 78 пайызды құрап отырса, 2025 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.