Аудан басшысы екпе салдырды
Бүгінде дүние жүзіне қауіп төндірген пандемия індеті әлі де таралуын тоқтатпай, өз зардабын тигізуде. Еліміз бойынша тұрақталған эпидемиялық ахуал қазіргі таңда қайтадан күрделеніп вирус жұқтырған науқастардың саны артып келеді.
Ауданымызға ресейлік «Спутник-V» вакцинасының 200 дозасы жеткізілді. Ең алдымен вакцина жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болатын медицина қызметкерлеріне, атап айтқанда, инфекционист дәрігерлер, реаниматолог, қабылдау бөлімі мен жедел жәрдем, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына салынды. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев та салдырды.
-Процедура ауырсынусыз өтті. Өзімді жақсы сезінемін. Біз ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинациялаудан бас тартпауымыз керек. Экономиканың дамуы және тұрғындардың қалыпты тіршілікке тезірек оралуы үшін жолдағы кедергілерді еңсеруіміз қажет. Өкінішке орай аты жаман бұл індетті жұқтыру мүмкіндігі әлі де жоғары деңгейде болып тұр. Аудан тұрғындарын бұл індетті өршітуге септігін тигізетін қандай да бір келеңсіз әрекеттерден аулақ болып, барынша сақтық шараларын ұстануға шақырамын,-дейді аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев.