Жастар жазда жұмыссыз жүрмейді

0 167

ҚР Тұңғыш Презитенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламысы жүзеге асырыла бастағаны баршаға мәлім. Осы уақыттан бері облысымызда еліміздің экологиялық жағдайының қалыпты болуына және елді мекендердің абатына, гүлденіп-көркеюіне 16 мыңға жуық жас атсалысыпты.

– «Жасыл ел» еңбек жасағы жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, шақарымыздың жасыл желекке айналуына басты негіз болды. Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының XVI маусымы жүріп жатыр. Соның арқасында белсенді жастар шақарда бірқатар шаруаларды тындырды. Бастысы олар табыстың қандай маңдай термен келетінін сезінді. Одан бөлек, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, ата-аналарына салмақ салмай, жанама табыс тауып жүрген жастар экологияны сақтау мен қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын жан-тәнімен сезіне алды.

Жалпы Тараз қаласының жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру ісі оларды «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысына тарту арқылы да жүзеге асып отыр. Биыл барлығы 350 жас уақытша жұмысқа тартылады деп күтілген. Қазіргі таңда 300 адам осы ұйым арқылы жұмыспен қамтылды. Оның 50-ге жуығы NEET санатына жатады, – дейді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Азамат Лесбек.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4 курс студенті Нұрдәулет Абдрахман шаһардағы «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы. Ол еңбек жасағының құрамындағы жастар көшелерді, арық-атыздың бойын, аулалар мен футбол алаңдары ауласын тазалап, қураған тал-дарақты кесіп, ағаштарды бұтау, әктеу сияқты игілікті істер тындырып жүр.

«Жасыл-ел» еңбек жасағының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп дамуына үлес қосу барысында маусым басталғалы 90 тонна күл-қоқыс шығарыпты. Нақты айтқанда, олар шаһардағы ықшамаудандардар, каналдар мен арықтардың жағасындағы шөптерді орумен, тұрмыстық қалдықтарын жинаумен айналысқан. Сәуір айында басталған жұмыс қазан айының соңында аяқталатын көрінеді. «Жасыл елдің» сапында жүріп еңбекке араласқан жаст ардың еңбекақысы 60 мың теңгенің үстінде болса, қолдарына 53 мың 782 теңге алады екен. Еңбекақы күніне 8 сағаттық жұмыс үшін жазылады.

Студент үшін бұл қомақты қаржы екені анық. Жастайынан еңбекке араласып, өз бетінше табыс тауып, ата-аналарына қаржылай қолдау көрсеткен жастардан нашар адам шықпайтыны хақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.