Балық өсірудің жаңа бағдарламасы
Сәуір айында ел өңірлерінде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілгені белгілі. Мұндағы басты мақсат – балық өсіру (акваөсіру) өнімі мен оны қайта өңдеу, көлемін өсіру, балық азығының отандық өндірісін дамыту, саланы ғылыми түрде дамытып және шаруашылықтарды ихтиолог секілді басқада білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Осы шаруалар жүйелі жүзеге асу үшін ең алдымен мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдауд қажет. Жалпы аталған бағдарлама салаға қандай серпін береді? Негізінде табиғи су айдындарын тиімді пайдалану, өзен-көлдер орналасқан аймақты антропогендік жүктемеден арылту аса маңызды мәселе. Ал оның шешілу жолдары қандай? Біз осыны Шу-Талас облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторы Нұржамал Көлбаевадан сұраған едік.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған биылғы жаңа Жолдауында балық шаруашылығын дамытуға баса мән берді. Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін сөз ете отырып, «Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн» деп атап көрсетті. Демек балық шаруашылығы дамитын болса, бұл елдің экономикалық дамуының жаңа бір тынысы ашылды деген сөз. Аталған бағдарлама сол үшін жүзеге асырылғалы жатыр. Бар мақсат-мүдде халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету және балық өсіру ісін дамытуға қолайлы жағдай жасау. Алдағы уақытта балық шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлердің де жағдайы жақсарып, балық шаруашылығымен айналысқысы келетін кәсіпкерлердің немесе жеке ұйымдардың саны артатыны сөзсіз.
Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы осы жылдың басында құрылып, осы уақыт аралығында балық шаруашылығын дамыту жұмыстарын үзбей жүргізуінің нәтижесінде біраз кәсіпкерлердің осы салаға бет бұруына кәсіптік деңгейде жағдайларын жасауға көмектесіп отыратын болады. Аз ғана уақыттың ішінде балық шаруашылығын дамыту ісін қолға алатын инвесторлар саны да өсті. Тек қана цифрлармен жұмыс деңгейін көрсету – басты парызымыз емес. Сондықтан балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері аудандарда болып, балық өсірумен айналысқысы келетін кәсіпкерлердің су айдындарында зерделеу жұмыстарын жүргізе отырып, нақты қандай шараларды орындап бітіру керек, жұмыстың келесі қадамдарға алға басуына кәсіби деңгейде үйретіп, ақыл-кеңестерін ұсынып, бағдар беріп отырады , – дейді ол.
Оның айтуынша, қазір өз қаржысына жасанды су айдынын салып, балық шаруашылығын жүргізіп отырған жеке кәсіпкерлер көбейген. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында «АрНұр», «Алтынбалық» шаруа қожалықтары, «Сандель» шаруа қожалығы, Қордай ауданындағы «Сагынбеков» жеке кәсіпкерлігі. Күнделікті қызмет барысында, Бағдарламаның орындалу үдерісін анықтау барысында, Қордай, Меркі, Жамбыл, Байзақ аудандарынан 6 кәсіпкер балық шаруашылығын жүргізу үшін бизнес-жоспарын құрып, су айдынындарында құрылыс жұмыстарын бастап та кеткен. Бірқатары жұмыстарын аяқтап, 2021 жылдың күзінде, 2022 жылдың көктем айларында су айдынына шабақ жіберу жұмыстарымен айналысып жатыр екен.