Жыр сайысының бас жүлдесін Елдар еншіледі
Облысымызда кейінгі бір-екі үш жылда сөз маржаны, ой тұнығы молынан ақтарылатын айтыс өнері ерекше сипат алды. Төл өнеріміздің көкжиегін кеңейту мақсатында жергілікті әкімдіктердің қолдауымен облысымыздың түкпір-түкпірінде жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Әсіресе жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімін иеленген Жамбыл ауданында сөз барымтасы айтыс өнерін дамытып, талантты жастарды танытуға ерекше басымдық берілген. Жуырда ғана аудан орталығы Аса ауылындағы «Өнер» мектебінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті жанындағы «Адалдық алаңы» офисінің және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ақындар адалдықты жырлайды» атты оқушылар арасында аймақтық-облысаралық ақындар айтысы өтті.
Жыр сайысын құттықтау сөзбен ашқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов сайысқа түсер саңлақтарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар ҚР Мәдениет саласының үздігі, әділ-қазылар алқасының төрағасы Айтмұханбет Исақов сөз алып, ақжарма тілегін арнады. Ақындар айтысын облысымыздға белгілі айтыскер Нұрлыбек Құрманов жүргізді.
Сонымен айтыссүйер көрермен тағатсыздана күткен ақындар айтысын Алина Айдаралы (Жамбыл ауданы) мен Елдар Әмірхан (Қызылорда облысы) бастады. Шын жүйрік екенін оқушылар арасындағы республикалық айтыс аламандарында дәлелдеп үлгерген Е.Әмірхан ә дегеннен жалын атқан отты жырларымен, өткір ойларының өрнегімен көрерменді баурап алды. Дегенмен Алина Айдаралы да оңай қарсылас емес екенін танытып, ұтқыр шумақтарымен жауап бере білді.
Екінші жұп ретінде сахнаға көтерілген Санжар Даярбек (Жуалы ауданы) пен Айқын Төлегеннің (Қызылорда облысы) сөз сайысына көпшілікті тәтті сезімге бөледі. Қос ақын да елдік мәселелерді қозғап, орамды ойларын ортаға салды. Әлихан Яшар (Жамбыл ауданы) мен Жомарт Александр (Шу ауданы) жұбының айтысы көрермен есінде ұзаққа сақталатыны сөзсіз. Сонымен қатар Айсұлу Жүнісбек (Талас ауданы) пен Данияр Сәбит те (Алматы облысы) жоғары деңгейдегі айтыс жасай білді.
Тартысқа толы болған ақындар айтысының қорытындысы бойынша әділ-қазылар алқасының шешімімен бас жүлде қызылордалық Елдар Әмірхан лайық деп танылды. Ал бірінші орынға Алина Айдаралы, екінші орынды Айсұлу Жүнісбек пен жуалылық Санжар Даярбек өзара бөлісті. Жүлдегер болған ақындардан бөлек, шәкірттерін алып келген азаматтарға да лайқыты құрмет көрсетілді.
Жоғары деңгейде өткен айтысты аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов пен «Адалдық алаңы» офисінің жетекшісі Назима Дәрменқызы қорытындылады.