«Тарихы терең Тараз» мәдени бағдарламасы қабылданады
«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз және Түркі өркениеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясыөтті. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында шымылдығын түрген жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы және Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан секілді алыс-жақын шет елдердің түрколог ғалымдары қатысты.
Басқосудың пленарлық отырысында сөз алған Дархан Қыдырәлі Түркі халықтарының тарихындағы ірі оқиғалардың көпшілігі Тараз өңірінде болып, әлемдік тарихнамананың жаңа бетбұрысына айналағаны және түркі дүниесінің дамуына Тараздың қосқан елеулі үлесі туралы терең ой қозғап, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сөз тізгінін жалғаған Бердібек Машбекұлы бүгінгі басқосудың мән-маңызына кеңірек тоқталды.
– Қазақ хандығының қазығы қағылып, өркениеттің бастауы болған Тараз топырағы қашанда киелі. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей қазақ жерінде Жібек жолынан бері барлық карталарда келе жатқан екі қала бар. Бірі — Тараз қаласы, екіншісі — Жаркент. Елімізде ЮНЕСКО-ға енетін 11 объекті болса, соның 5-і Жамбыл облысында орналасқан. Осының өзі өлкеміздің тарихы терең екенін, күллі өркениеттің бастауы болғанын көрсетеді.
Конференцияның тақырыбы «Тараз және Түркі өркениеті» деп аталуы тегін емес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы облысымызға іссапары барысында біздің Тараз қаласын Түркістан қаласына туристік серіктес ретінде қалыптастыру туралы ұсынымызға, «Тарихы терең Тараз» атты мәдени бағдарламасына өз қолдауын білдірді. Бұл Тараз қаласының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дамуының жаңа кезеңі болады деп сенеміз.
Түркі халықтарына ортақ бұрыннан келе жатқан екі жазу бар екенін белгілі. Оның бірі — Орхон-Енесей жазулары болса, екіншісі — Талас жазулары. Түркістан ер түріктің бесігі болса, тарихы терең Тараз Түркі өркениетінің ошағы, – деген аймақ басшысы конференция жұмысына табыс тіледі.
Бұдан кейін сөз алған Қуат Бораш пен Берік Әбідғалиұлы, қос өзен өркениеті, 893 жылғы Талас қырғыны, Ұлы Талас құрылтайы төңірегінде орамды ойларын ортаға салды. Шараға Zoom конференциясы арқылы қосылған «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының зертханалық археология секциясының директоры, PhD докторы, жапониялық ғалым Садакатцу Кунитаке мен Қырғыз-Манас университетінің аға оқытушысы, Түркология ғылымдарының PhD докторы Негизбек Шабданалиев түркі халықтары арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, оларды ғылыми тұрғыда насихаттау керектігі жөнінде сөз қозғады.
Пленарлық отырысты қорытындылаған аймақ басшысы басқосуда ғалымдар тарапынан көтерілген барлық ой-пікірлер «Тарихы терең Тараз» атты мәдени бағдарламасында назарға алынатынын жеткізді.
Конференция жұмысы одан әрі 4 секцияда жалғасты.