Заманауи спорт кешені бой көтерді

0 187

Тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Таразда гимнастика және үстел теннисіне арналған спорт кешені пайдалануға берілді.

Тараздықтарды кешеннің ашылуымен  құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатқанын айтты.

– Әрбір мемлекетті, ұлтты әлемге танытатын, абыройын арттыратын бірден-бір дүние спорт. Тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан талай Олимпиада, Әлем, Азия чемпиондары шықты.

Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың көрсеткіші артып келеді. Бүгінде олардың саны 400 мыңға жуықтап, 34,4 пайызды құраса, біз бұл көрсеткішіті 40 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Жастарымыз спортпен айналысып, жаман жат әдеттерден аулақ болуы тиіс. Ол үшін жергілікті билік жағдай жасау қажет.

Жыл сайын жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Өткен жылы 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңшасы қолданысқа берілді.

Облысымызда алғаш рет ашылып отырған гимнастика және үстел теннисі спорт кешенін салып берген жеке инвестор «ТаразСтрой2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мейірбек Жүнісовке  алғысымызды білдіреміз. Мұндай заманауи нысанда жаттыққан балалар ертең чемпион атанарына сенемдіміз, – деген аймақ басшысы нысанды аралап, жас спортшыларға табыс тіледі.

Заманауи үлгідегі спорт нысанында тәулігіне 600 адам спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Құрылыс алаңы 4000 шаршы метр болса, көркем гимнастика және үстел теннисіне арналған екі залдың көлемі 2 460 метрді құрайды. Сондай-ақ құны 1,5 миллиард теңгені құраған кешеннің құрылысына демеушілік еткен «Тараз Строй – 2004»  ЖШС. Сонымен екі қабаттан тұратын нысанның төменгі бөлігінде спорт залдары орналасса, жоғарыда шынығуға арналған бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, шеберлік сыныптарын өткізу үшін кәсіби спортшылар мен жаттықтырушыларды тарту жоспарлануда

Кешеннің ашылу салтанатында үстел теннисінен спорт ардагері Анатолий Гончаров, акробатика және батуттағы гимнастикадан спорт ардагері Ольга Назарова жамбылдық спортшылардың жетістігін айтып, үстел теннисі мен гимнастиканы шебер меңгерген талантты жастардың толқыны өсіп келе жатқанын мақтанышпен жеткізді. Расында, облыс спортшылары былтыр түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 697 медаль еншілеп, абыройымызды асқақтатқан. Сондай-ақ 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңшасы ашылған. Ал биыл облыста 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 62 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланған. Бүгінде сол межелі міндетті жүзеге асыруға көп көңіл бөлінуде.

Айталық, бүгінде облыста үстел теннисімен кәсіби деңгейде айналысатын 640 спортшы болса, гимнастиканың  акробатика, батуттық гимнастика және көркем гимнастика сынды түрлерін үйренуге бел буған жастар да аз емес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.