Берері мол конференция

0 294

Жуырда Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің әдіскері Назгүлім Дарханбекованың ұйымдастыруымен  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен белгілі күйші Дина Нұрпейісованың  туғанына 160 жыл толуына орай  музыка пән мұғалімдеріне арналған «Күй анасы – Дина» тақырыбында Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп базасында конференция өткізілді. Даңқты күйшінің шығармаларын кеңінен насихаттау мақсат еткен шараға  М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердихан Бабасов, «Жастар Ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Әбіләшім Мұрқасынов, аудандық «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диқанбай  қатысты.

Конференцияны аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті меңгерушісі Кәдіржан Медеров ашып, іс-шара қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Бүгінгі конференцияның өскелең буынға берері мол. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның ғбиратты ғұмыр жолы жасөспірімдерге таусылмас тағылым екені даусыз. Дала дарындарының есімін ұлықтап, еңбегін көпке насихаттап отырғанымыз  – биыл 30 жыл толған азаттығымыздың жемісі. Бұл бағыттағы жұмыстар толастамауы керек. Ел ертеңі – бүгінгі жастарымыз тау тұлғаларға бой түзейді, тәлім алады. Биыл ұлт мақтаныштарының аталып өтілетін мерейтойлары жеткілікті. Ендігі кезекте солардың барлығын қамтып, осындай танымдық шараларды көптеп өткізген абзал, – деді Кәдіржан Маратұлы. Келесі кезекте Құлан мектеп-гимназиясы музыка пәнінің мұғалімі Айман Султанбергенова сөз сабақтап,  «Динадан жеткен күй күмбірі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында күйшінің ұлт руханиятындағы алатын орны мен азаттық жылдарындағы тұлғаны ұлықтау шараларына кеңінен тоқталды.

Бұдан кейін Жамбыл атындағы орта мектебі музыка пәнінің мұғалімі Сандуғаш Шарипханова шәкірттері Аяужан Сайлау, Нұрай Тілеуханмен бірге күйшінің «Тойбастар», Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің музыка пән мұғалімі Амандық Кадиров  және шәкірті Б. Рысбеков «Әсемқоңыр» күйін орындаса, Құлан мектеп-гимназиясы музыка пәнінің мұғалімі Айман Султанбергенова  «8-март» күйін күмбірлетіп, шараның шырайын ашты.

Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің жанынан құрылған «Жас талант» театрының оқушылары «Құрманғазының Динаға берген батасы» атты театрлық қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Конференция соңында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Желтоқсан үні» монологы оқылып, оқушылардың орындауында патриоттық әндер шырқалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.