Қауіп-қатерге қашанда дайын болған жөн

0 171

Жуырда Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонының аумағында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өңірлік жедел штаб басшылығымен жедел-тактикалық оқу-жаттығу өтті.

Төтенше оқиғалар туындаған жағдайда тиісті органдардың іс-қимылдарының өзара үйлесімді әрекеттері пысықталған оқу-жаттығуға полиция, төтенше жағдайлар, ұлттық қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының, ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қатысты.

Шараға барлығы 2088 қызметкер, 70 бірлік техника жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу мемлекеттік органдардың өзара әрекетін жетілдіру, төтенше жағдайлар кезіндегі қауіп-қатерлерге жедел штабтың күші мен дайындығын арттыру, іс-қимыл алгоритмін пысықтау, барлық мемлекеттік органдардың төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жоспарды орындау мақсатына негізделді.

Барлық органдардың үйлесімді іс-әрекеттерінің нәтижесінде оқу-жаттығуларда көзделген міндеттер толығымен орындалды.

Өңір басшысы белсенді қатысқан барлық қызметкерлерге алғыс айтып, оқу-жаттығудың қорытындысын жоғары бағалады.

– Әлемде болып жатқан түрлі келеңсіз жағдайлар барлық мемлекеті алаңдатуда. Соған сай әркім алдын алу шараларын жүргізуде. Себебі кез келген елдің болашағы, дамуы олардың қауіпсіздігі, қорғанысына, бейбіт тіршілігіне байланысты. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – тұрғындардың тыныштықта өмір сүруін, олардың балаларының балабақша мен мектепке алаңдамай баруын қамтамасыз ету. Бүгінгі жедел-тактикалық оқу-жаттығуды өткізудегі мақсатымыз да соған негізделеді. Барлық мемлекеттік және құзырлы органдардың бірлескен іс-әрекетін үйлестіруіміз керек. Кез келген жағдайға, дағдарыстарға дайын болуымыз маңызды. Бүгінгі шарадан байқағанымыздай, жалпы дайындығымыз жаман емес.  Бірақ оны әрдайым жетілдіріп отыруға тиіспіз. Түрлі тактикаларды қолдана отырып, осындай шараларды жиі өткізіп отырғанымыз дұрыс. Белгіленген жоспар мен алгоритмге сәйкес, төтенше жағдай туындай қалған жағдайда, өзара бірлесіп, жедел әрі сапалы жұмыс жүргізу қажет.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық-техникалық базаны нығайтуға тиісті жағдайлар жасалуда, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.  Облыс басшылығы, жедел штабтың атынан бүгінгі шараға белсенді қатысқан баршаңызға алғысымды айтамын. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан оқу-жаттығудың  мақсаттары мен міндеттері сәтімен жүзеге асты, – деді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.